Астанада Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен Қуандық Бишімбаевтың әпкесі Аружан Бишімбаева арасындағы әлеуметтік желідегі жазбаларға қатысты сот ісі қаралып, талап арыз ішінара қанағаттандырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сот Instagram желісінде жарияланған бірқатар мәлімдемені шындыққа сәйкес келмейді деп танып, оларды теріске шығаруды міндеттеді.
Еске салсақ, 2024 жылдың мамырында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық жұбайы Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты 24 жылға сотталған болатын. Осы оқиғадан кейін екі отбасы арасындағы пікірталас қоғам назарында қалып отыр.
Өткен жылдың күзінде Айтбек Амангелді "Ее звали Салтанат" атты естелік кітабын шығарған. Кейін Аружан Бишімбаева әлеуметтік желіде бұл кітапқа қатысты сыни пікірлер жариялап, авторды трагедияны жеке пайда үшін пайдаланды деп айыптаған.
Ол жазбаларында Айтбек Амангелдіні хайп жасау, боттарды пайдалану және халықтың жанашырлығын қаржылық мақсатта қолдану секілді әрекеттерге қатысы бар деп мәлімдеген.
Бұған жауап ретінде Айтбек Амангелді жарияланған мәлімдемелерді нотариус арқылы рәсімдеп, сотқа жүгінген. Ол бұл ақпараттардың жалған екенін және өзінің ар-намысына нұқсан келтіргенін айтқан.
Сот барысында сараптамалар тағайындалып, кейбір пікірлердің нақты негативті мазмұнға ие екені анықталған. Нәтижесінде сот талап арызды ішінара қанағаттандырып, Аружан Бишімбаевадан сараптама және өкілдік шығындары үшін қаржы өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Сонымен қатар моральдық зиян ретінде 100 теңге өндіру туралы да шешім қабылданған.
Айта кетейік, сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.