Жуырда Ақтөбедегі мешітте қоғамда қызу талқыланған жайт болды. Ақтөбе тұрғыны Эмануелла Наурызбаева осы жайында ашық сұхбат беріп, шын мәнінде оқиға қалай болғанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қала тұрғынының сөзінше, сол күні ауа райы бұзылып, қатты жаңбыр жауып кеткен. Нөсер жауын басылғанын күткен бойжеткен мешітте тосын жайтқа тап болған.
"15 жасымнан бастап эпилепсиямен ауырамын. Мешіттің алды кафель, құлап қалармын деп есік алдында тұра тұрайын деген ойға келдім. Тұрған кезде қасыма ер кісі келе бастады. Ақ киінген ер адам алдыма қарай жылжи бастады. Жаңбыр тоқтауын күтіп тұрған шығар деп мән берген жоқпын. Есік алдында тұрған кезде маған "әдемі қыз екенсің, төсің әдемі" деді. Содан кейін екі аяғымның ортасына көз жүгіртіп, "уақытша некеге қалай қарайсың?" деді. Шығайын деген оймен аяғымды басқан кезде, қолымен есікті жауып, "бұл жерден шықпайсың, сұрағыма жауап алған жоқпын" деді. Өзімнің өміріме қорыққаннан кейін қолымда дәлелім болсын деген ниетпен телефонымның камерасын тез қосып, болған жайтты жаза бастадым", - деді ол Massaget.kz порталына берген сұхбатында.
Эмануелла Наурызбаеваның сөзінше, болған жайттың бәрін имам да біледі, мешіттегі ер адамдар да көрген. Ол біреуі де жанына келіп, көмектеспегенін жеткізді.
"Полицияға барып, арызымды айтқан кезде "ол кісінің есі дұрыс емес, сенің істейтін ісің - үндемей кетіп қалу" деп айтқан болатын. Имамға барған кезде де солай айтқан болатын. Тіпті имамға кіре бастаған кезде ол кісі маған сыйластық танытпады. Көмек сұрап бардым. Мен барған мешіттің бас имамы дөрекі сөйлесті", - деді ол.
Сондай-ақ, қыздың айтуынша, әңгіме барысында имам жәбірленуші видеоға, диктафонға жазып тұр ма деп күдіктеніп тексерген.
"Кабинетіне кіргізіп, "бұл кісінің сары карточкасы бар. Бұл кісі - ауру адам. Аузына не келеді, соны айтады. Ештеңе істей алмаймыз" деді. "Ауру болса, неге ауруханаға жатқызбайсыздар немесе артық кетіп жатса, сот алдында істеген ісіне жауап берсін" дедім. "Жоқ, бұл - біздің брат, ағаларымыздың бірі, ер адамға олай жасай алмаймыз" деді", - деді Эмануелла Наурызбаева сұхбат барысында.
Кейін жағдай ушығып, қоғам дүрліккен соң полицейлердің өзі хабарласқан көрінеді. Ақтөбе тұрғыны барлық жағдайды баяндап, арыз жазған. Ол көпшілікке бас амандығы үшін үнемі камера алып жүруге кеңес берді. Өйткені, қыздың айтуынша, сотта мешіттегі бейнебақылау камерасы көрсетілмеген.
Эмануелла Наурызбаева осы оқиғадан кейін өзіне қысым көрсеткендер болғанын да жасырмады.
"Үйіме дейін келіп, қоқан-лоқы жасап, кішкентай атылатын заттарды тереземе лақтырып атты. "Біз сені өлтіреміз, сені бауыздаймыз. Біздің братты жамандайтындай сен кімсің?! Біз үшін қыздың ең басты парызы - бала туып, екі аяғының ортасын ашу" деді. Оны үйімнің алдында тұрған бір топ ер адам айтты. Бүкіл аудан естіді. Екі көлік келіп, ішінен сегіз бала шығып, далада жүргені, қолында пышақ болғаны да қолымда (дәлелдері - еск.) бар. Бәрін желіге салдым. Екі-үш күн бойы таңғы сағат алтыға дейін мені күтіп жүрді", - деді ол сұхбат барысында.
Бұған дейін қандай жағдай болды?
Еске салайық, бұған дейін "Нұр-Ғасыр" мешітінде болған оқиға бойынша сот отырысы 29 шілдеде өткені, нәтижесінде айыпталушы 5 тәулікке қамауға алынғаны хабарланды.
23 жастағы Эммануэлла Наурызбаеваның айтуынша, тергеу барысында өзіне тиіскен ер адам бұрын да тәртіп бұзғаны анықталған, ол бұзақылық жасағаны үшін сотты болған. Оған қоса 2025 жылы қаңтарда тағы бір адамға мешітте тиісіп, жауапкершілікке тартылған.
ҚМДБ ұстанымы қандай?
Оқиғадан кейін бірнеше күн өткен соң ғана ҚМДБ мәлімдеме жасады.
"Ақтөбедегі мешітте қыз балаға дөрекі сөз айтып, әдепсіздік танытқан ер адамның әрекетін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы үзілді-кесілді айыптайды. Мұндай әрекеттер ислам құндылықтарына ғана емес, жалпы адамзаттың моральдық-этикалық қағидаларына қайшы", – деп жазылған ҚМДБ мәлімдемесінде.