ҚМДБ Ақтөбе қаласындағы мешітте Эммануэлле Наурызбаева есімді қызға қатысты болған келеңсіз жағдайдан кейін ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Муфтияттың Facebook-тегі ресми парақшасында жарияланған мәлімдемеде мешіттің ғибадат пен рухани тәрбие орны екені, ондағы әрбір адамның адамгершілік нормаларын сақтауға міндетті екені айтылған.
"Ислам дінінде дөрекілікке, әсіресе, әйел адамдарға қатысты әдепсіз сөздер мен орынсыз әрекеттерге жол берілмейді және мұндай қылықтар қатаң түрде айыпталады. Ақтөбедегі мешітте қыз балаға қатысты дөрекі сөз айтып, әдепсіздік танытқан азаматтың әрекетін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы үзілді-кесілді айыптайды. Мұндай әрекеттер ислам құндылықтарына ғана емес, жалпы адамзаттық моральдық-этикалық қағидаларға қайшы", – делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.
Сонымен қатар, муфтият барлық мұсылман қауымын сабырлы болуға, ақылға жүгінуге және расталмаған ақпараттарды таратпауға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін ҚМДБ қоғамдық орындарда ниқаб киюге қатысты ресми пікір білдіріп, мұның орынсыз екенін атап өткен еді.