Ауылға барған ақ халаттыларға уәде етілген көтерме ақы толық берілмеген

Қаракөз Амантай 05 авг. 2025 12:21

Былтыр ауылдық жерлерге жұмыс істеуге барған қазақстандық дәрігерлердің 30 пайызына көтерме ақы төленбеген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ауылға қоныс аударып, жұмысқа орналасқан аса тапшы мамандықтардағы дәрігерлерге 8,5 миллион теңгеге дейін көтерме ақы берілуі тиіс. Алайда министрдің айтуынша, 2024 жылы осындай төлемді дәрігерлердің үштен бірі ала алмаған.

“Былтыр ауылдық жерлерге 370 жас маман жұмысқа орналасты. Алайда олардың тек 254-і ғана (70%) көтерме ақы алды. Ақмола, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Абай облыстарында өлім-жітім деңгейі жоғары болғанына қарамастан, бұл қолдау қарастырылмаған”, – деді министр Үкімет отырысында.

Өз кезегінде Премьер-министр Олжас Бектенов ауылға барған жас дәрігерлерге барлық өңірде көтерме төлемді толық қамтамасыз ету қажет екенін қадап айтты.


Рекомендовать
Последние новости