Балқаштағы дау: “Қазақмыс” қызметкері 8 жасар баланы аяусыз азаптады деп айыпталуда

Қаракөз Амантай 05 авг. 2025 17:05

Балқаш қаласында жергілікті тұрғын Мадина Досымбекова "Қазақмыс" компаниясының қызметкерін сегіз жасар ұлын аяусыз ұрып-соғып, азаптады деп айыптады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әйелдің айтуынша, балаға жасалған әрекет жай ғана зорлық-зомбылық емес, аса қатыгездікпен жасалған азаптау болып табылады.

"Менің сегіз жасар ұлымды аяусыз соққыға жығып, азаптады. Бұл жай ғана күш көрсету емес, нағыз қинау әрекеті болды: баламның саусақтарын сындырған, басынан ұрған, денесін күйдірген. Мұның бәрін ересек ер адам – "Қазақмыс" АҚ-ның қызметкері жасаған", – дейді анасы әлеуметтік желіде жариялаған бейнеүндеуінде.

Мадина Досымбекованың сөзінше, бұл істі күдіктінің полиция, аурухана және басқа да мемлекеттік органдардағы байланыстары арқылы жабуға тырысып жатыр. Сондықтан ол әділдік орнауы үшін істің қоғам назарынан тыс қалмауын талап етуде.

Қарағанды облысы полиция департаменті баланы азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазір тергеу жұмыстары басталып, сот-медициналық сараптамалар тағайындалған.

"Қазақмыс" компаниясы өз тарапынан жағдайға алаңдаушылық білдіріп, тергеу амалдарына толық қолдау көрсететіндерін мәлімдеді.

"Компания кез келген зорлық-зомбылық әрекеттерін қатаң айыптайды және мұндай жағдайларға жол беруге болмайды деп есептейді. Егер қызметкеріміздің кінәсі дәлелденсе, ол заң аясында тиісті жазасын алады", – делінген баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.

Еске сала кетейік, бүгін сондай-ақ Атыраудағы жекеменшік балабақшада үш жасар қыз ауыр жарақат алғаны туралы белгілі болды. Қыздың ата-анасының айтуынша, балабақша қызметкерлері оларға бақылау камерасындағы видеожазбаны көрсетпеген.


Рекомендовать
Последние новости