ШҚО-да азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары күшейтілді

Ақтоты Жапатова 05 авг. 2025 12:18

Шығыс Қазақстан облысында бағаны тұрақтандыру мақсатында «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы кәсіпкерлік субъектілерімен өнім жеткізу бойынша займ шарттарын жасасты. Сонымен қатар, 2025–2026 жылдардағы маусымаралық кезеңге картоп, сәбіз, пияз және қырыққабатты қамтитын 7 мың тонна көкөніс өніміне келісімшарттар жасалды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

ШҚО-дағы әлеуметтік сауда нүктелерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) тоғыз түрі сатылымға шығарылған. Атап айтқанда: картоп – 263 тг/кг, сәбіз – 288 тг/кг, пияз – 228 тг/кг, қырыққабат – 263 тг/кг, күріш – 432 тг/кг, қарақұмық жармасы – 181 тг/кг, күнбағыс майы – 720 тг/кг, қант – 417 тг/кг, рожки – 305 тг/кг.

2025–2026 жылдардағы маусымаралық кезеңге картоп – 2000 тонна, сәбіз – 900 тонна, пияз – 600 тонна, қырыққабат – 900 тонна көлемінде келісімшарттар жасалды.

ӘМАТ бағасы бойынша статистикалық деректердің неғұрлым шынайы көрсетілуі үшін Статистика департаменті зерттейтін сауда нысандары тізіміне Тұрақтандыру қоры арқылы өнім таратылатын сауда орындарын енгізу ұсынылды.

Келісімшарттардың кеш жасалуына байланысты биыл ӘМАТ сатылымы 22 мамырда ғана басталды. Ал көктем-жаз маусымындағы тұрақтандыру кезеңі 1 мамыр мен 31 шілде аралығында белгіленген болатын.

«Аталған механизмді іске асырып, 2026 жылғы көктем-жаз кезеңіне келісімшарттарды 2025 жылғы тамыз айында, ал 2026–2027 жылдардағы күз-қыс кезеңіне келісімшарттарды 2025 жылғы қыркүйекте жасасу қажет», – деп тапсырды облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен, әсіресе «Алтай» көтерме-реттеу орталығы арқылы форвардтық келісімшарттар жасау мәселесін пысықтау қажеттігі айтылды.

Қазіргі таңда 1000 көтерме жеткізушімен, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен және сауда орындарымен 7%-дық ең төменгі сауда үстемесін қолдану туралы меморандумдар жасалған. Облыс аумағында негізгі тауарлар ең төменгі сауда үстемесімен сатылатын 227 әлеуметтік бұрыш жұмыс істейді.

Жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өнімдерін үстемесіз сатуға арналған 263 жеңілдікті сауда орны тұрақты түрде ұсынылады. Өнімдерді сауда үстемесінсіз сату үшін облыс көлемінде тұрақты түрде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі. Жыл басынан бері ШҚО-да 160 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді.

Азық-түлік тапшылығын болдырмау мақсатында облыстағы қалалар мен аудандардың әкімдіктері сауда орталықтары мен дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры мен бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізуде.


Рекомендовать
Последние новости