Алматы қаласының криминалдық полиция қызметкерлері қаладағы балалар мекемелерінің бірінің екі кәмелетке толмаған тәрбиеленушісін тапты. Оларды іздеуге 17 күн кеткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қыздар Алматы облысының аумағында табылды.
"Қазіргі уақытта екеуі де барлық жағдайларды анықтау үшін Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету полиция жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады".Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі
Бұған дейін Алматыда №1 балалар үйінен (Бағанашылдағы танымал мекеме) екі қыздың қашып кеткені хабарланған болатын. Кристина Белгородская мен Маргарита Черепанова 18 шілдеде жоғалған.
Соңғы кезде Бағанашылдағы №1 балалар үйі жиі жанжалдың ортасында қалып жүр. Мекеме мұғалімдері өздеріне қысым көрсетіліп, өз еркімен жұмыстан кету жөнінде арыз жазуға мәжбүр болғандарын айтса, ресми билік ұстаздардың жұмыссыз қалмайтынын, тек басқа мекемеге ауыстырылатынын мәлімдеп отыр.