Бағанашылдағы балалар үйіндегі дау: екі қыздың із-түзсіз кеткеніне екі аптадан асты

Қаракөз Амантай 04 там. 2025 13:18

Алматыдағы №1 балалар үйінің (Бағанашылдағы танымал мекеме) екі тәрбиеленушісі Кристина Белгородская (15 жаста) мен Маргарита Черепанова (16 жаста) 18 шілде күні таңертең балалар үйінен шығып, қайта оралмаған. Қыздарды іздеу жұмыстары екі аптадан бері нәтиже бермей отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қыздардың жоғалуы балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді Конаев қаласындағы басқа ғимаратқа көшіру әрекеті төңірегіндегі шуға тұспа-тұс келген.

Алматы полиция департаменті іздестіру ісін қозғап, қыздардың бұрын да бірнеше рет балалар үйінен кетіп қалып, оларды полицейлердің күшімен қайтарып отырғанын мәлімдеді.

Жоғалған қыздар туралы ақпарат

Кристина Белгородская: бойы 155-157 см, орта денелі, шашы ақшыл қоңыр түсті, ұзын, көздері қоңыр. Қара футболка мен қара шалбарда болған.

Маргарита Черепанова: бойы 165 см, орта денелі, шашы қара түсті, ұзын, көздері қоңыр. Қара футболка мен ашық көк түсті джинсы киген.

Соңғы кезде Бағанашылдағы №1 балалар үйі жиі жанжалдың ортасында қалып жүр. Мекеме мұғалімдері өздеріне қысым көрсетіліп, өз еркімен жұмыстан кету жөнінде арыз жазуға мәжбүр болғандарын айтса, ресми билік ұстаздардың жұмыссыз қалмайтынын, тек басқа мекемеге ауыстырылатынын мәлімдеп отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар