Қазақстанда бензин мен дизель отынының қымбаттауы азық-түлік бағасының өсуіне әкелуі мүмкін. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, кез келген өнімнің өзіндік құнына жанармай мен логистика шығындары кіреді. Сондықтан жанармай бағасы артса, ол тікелей азық-түлікке әсер етеді.
“Баға өседі. Бірақ біз жағдайды бақылап, тиісті шараларды қолға алып жатырмыз”, – деді Шаққалиев.
Жаз мезгілінде ішкі нарықтың көкөніс, жеміс-жидек өнімдерімен толуы баға индексін уақытша төмендеткенімен, жанармайдың өзіндік құндағы үлесі жоғары болып қала береді.
Министрдің сөзінше, азық-түлік өндірушілерге қолдау көрсету үшін жергілікті әкімдіктерге жеңілдетілген жанармай бөлу қарастырылған. Сонымен қатар, жанармай өндірушілер өз өнімін төмендетілген бағамен ұсынбақ. Бұл шаралар өнімнің өзіндік құнының күрт өсуіне жол бермейді.
Сауда министрлігі қазіргі таңда өңірлік комиссиялар арқылы ірі көтерме және бөлшек сауда желілерімен тығыз жұмыс жүргізіп жатыр. Негізгі мақсат – тасымал шығындарын азайту, тауар тапшылығына жол бермеу және баға тұрақтылығын сақтау.
Министрліктің болжамы бойынша, жылдық инфляция 10,5%-ға дейін жетуі мүмкін. Алайда үкімет оны 7,5–8% деңгейінде ұстап тұруды көздеп отыр.
“Бұл үшін азық-түлік бағасының ай сайынғы өсімі 0,4%-дан аспауы керек. Үкіметте бағаны тұрақтандыруға арналған нақты жоспар бар. Біз күрт қымбаттауға жол бермейміз”, – деп түйіндеді Арман Шаққалиев.