Трамптың баж салығы: Сауда министрлігі мән-жайды түсіндірді

Сағыныш Сардарова 01 там. 2025 19:00

Қазақстан АҚШ тарапымен қосымша тарифтер енгізу мәселесіне байланысты келіссөзді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Осы үдеріс аясында биыл маусымда ҚР Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері АҚШ тарапымен екіжақты кездесу өткізді. Қазақстан АҚШ-қа өзара тиімді сауда ынтымақтастығын дамыту, тауар жеткізу тізбектерін тұрақты сақтау және нарыққа әділ қол жеткізу шарттарын қамтамасыз ету мәселелерін қамтитын ресми ұсыныс жолдады. Бұл ұсыныс АҚШ Президенті Д.Трамптың 2025 жылғы 2 сәуірдегі жарлығы мен оған енгізілген кейінгі өзгерістерді ескере отырып әзірленген", - деп жазылған хабарламада.

Келіссөздер барысында тараптар ұсынылған бастамаларды жан-жақты қарастырған.

"Қазақстан тарапы сындарлы ынтымақтастыққа бейіл екенін растайды. Қарсы тарап та келіссөздерді жалғастыруға ашық. Бұл өз кезегінде өзара тиімді әрі екі елдің мүдделеріне сай келетін шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді", - деп жазылған хабарламада.

Сауда министрлігі ақпаратына сүйенсек, енгізілген тариф АҚШ-қа Қазақстаннан жеткізілетін жалпы экспорт көлемінің небәрі 4,8%-ына әсер етеді, ал қалған 95,2%-ы жаңа кедендік баждан тыс қалады. Қазір Қазақстан АҚШ-қа мұнай, уран, күміс, ферроқорытпалар, тантал, титан, бериллий және өзге де өнім түрлерін экспорттайды. Бұл өнімдердің басым бөлігі тарифсіз, шектеусіз экспортталып жатыр.

"Жаңа тарифтердің ықпалы сары фосфор, ферросилиций, линзалар, бидай глютені және аммоний нитраты сынды тауарларға тиеді", - деп жазылған хабарламада.

Кеше АҚШ президенті Дональд Трамп он шақты елге, соның ішінде Қазақстанға қатысты баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар