Қазақстанда күнбағыс майына шекті баға жыл соңына дейін бекітіледі

Қаракөз Амантай 05 авг. 2025 16:54

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәлімдеуінше, елімізде күнбағыс майына шекті баға 2025 жылдың соңына дейін белгіленеді. Оның айтуынша, бұл бағытта өндірушілермен белгілі бір келісімге қол жеткізілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Біз бұл мәселеде салалық қауымдастықтармен және Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісім жасадық. Жыл соңына дейін күнбағыс майының бағасына белгілі бір шек қойылады. Бірақ бұл – мемлекеттік реттеу емес. Бұл – өндірушілер тарапынан жасалған ізгі ниет пен өзара келісімнің нәтижесі", – деді министр Үкіметтегі брифинг барысында.

Сондай-ақ министр 1 тамыздан бастап тұз өндірушілердің көтерме бағасын төмендету шаралары күшіне енгенін айтты.

Алайда сарапшылар күзде өсімдік майының қымбаттауын болжайды. Өткен жылы бағаның өсуін мол өнім тежеген болса, биыл ауа райының қолайсыздығы мен зиянкестер күнбағыс егісіне айтарлықтай зиян келтірген. Өндірушілердің айтуынша, 2024 жылдың қыркүйегінен бері күнбағыс тұқымының бағасы 66%-ға өскен. Бұл өз кезегінде күнбағыс майының да кемінде жарты есеге қымбаттауына себеп болуы мүмкін.


Рекомендовать
Последние новости