Goldman Sachs мұнай бағасы өсімінің ықтималдылығын жоққа шығармайды

Кәмшат Тілеухан 05 авг. 2025 14:50

Goldman Sachs Group Inc. сарапшылары ОПЕК+ елдерінің мұнай өндіру көлемін арттыру туралы шешіміне қарамастан, Brent маркалы мұнай бағасына қатысты бұрынғы болжамын сақтап қалды. Мамандардың пікірінше, 2025 жылдың IV-тоқсанында Brent мұнайының орташа есеппен бір баррелі 64 долларды, ал 2026 жылы 56 долларды құрайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

3 тамызда өткен отырыста ОПЕК+ елдерінің сегіз мүшесі (Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, БАӘ, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман) мұнай өндіру квотасын тәулігіне 547 мың баррельге арттыру туралы шешім қабылдаған еді. Бұл тамыз айындағы көрсеткішпен салыстырғанда бірден төрт айлық жоспарға тең өсім болып саналады. Жалпы, альянс елдері 2024 жылғы желтоқсанда мақұлданған жоспармен салыстырғанда биыл сәуірден бері мұнай өндіруді жедел қарқынмен арттырып келеді.

"ОПЕК+ саясаты икемді болып қала бермек. Дегенмен, біздің ойымызша, альянс қыркүйек айынан кейін өндіріс квотасын өзгертпейді. Біз ЭЫДҰ елдерінде мұнай қорының өсу қарқыны жеделдейді, ал маусымдық факторлардың сұранысты қолдау әсері азаяды деп күтеміз", делінген Goldman Sachs есебінде.

Сонымен қатар банк сарапшылары мұнай бағасына болжам жасауға әсер ететін қосымша тәуекелдерді де атады.

"Ресей мен Иран мұнайына қатысты ұсыныс қысымының күшеюі болжамды жоғары қарай қайта қарауға түрткі болуы мүмкін. Әсіресе, өндірістің бос қуаттарының қалпына келуі күткеннен жылдам жүруде", – дейді сарапшылар.

Дегенмен Goldman Sachs Ресей мұнайының жеткізілімінде үлкен үзілістер болуы екіталай деп санайды.

"Ресей мұнайының импорты жоғары деңгейде сақталуда әрі Қытай мен Үндістан сияқты негізгі сатып алушылардың қызығушылығы әлі де күшті. Сонымен қатар, сұранысты сақтау үшін баға бойынша жеңілдіктер жасау мүмкіндігі де бар", – деп атап өтті сарапшылар.

Goldman болжамына сәйкес, 2025–2026 жылдары әлемдік мұнайға сұраныс тәулігіне орташа есеппен 800 мың баррельге өседі. Алайда АҚШ-тың сауда саясаты, америкалық импортқа салынатын баж салықтары, АҚШ-тың сауда серіктестерінің жауап шаралары және Америка экономикасының баяулауы сияқты факторлар бұл болжамға теріс әсер етуі ықтимал екені де ескертілді.

Бұған дейін Қазақстан ОПЕК+ жаңа келісімі аясында мұнай өндірісі көлемін арттыратынын жазғанбыз.


Рекомендовать
Последние новости