Жуырда Түркістан облыстық Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның директоры Ғалымжан Ерназаровқа шағым түсіріп, кейіннен оған кешірім берген әнші Наркенже Серікбаеваның әрекеті қоғамда қызу талқыланып, үлкен резонанс тудырды. Аталған оқиғаға қатысты өнер иесінің қызы Жансая Серікбаева да үн қатты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Иә, соңғы үш күндегі жағдай бәрімізді селт еткізбей қоймады. Мен анаммен әрқашан мақтанамын. Бұл жолы да ерлік жасап, көптен бері ешкім қозғай алмай жүрген қоғамның басты дертін қозғады. Бұл, әрине, барлық мекеме басшыларына сабақ болғаны сөзсіз”, – деп жазды Жансая Серікбаева.
Ол әлеуметтік желіде анасына қатысты түрлі пікір айтылып жатқанын да тілге тиек етті.
“Бірі жақтады, бірі даттады. Блогер, журналист сымақтар хайп қуалап, анамды мазаққа айналдырып жатыр. Мейлі, біз қашан да мықтымыз. Бұл сынақтан да ойнап-күліп, бас көтеріп өтеміз. Бұл жағдай бізге кімнің кім екенін танытты, бұрынғыдан да шыңдай түсті. Біздің қоғамның әлсіз жері де осы басқа басқа біреуді жерден алып, жерге салып табалауға шеберміз. Мейлі халық не демейді? Мен бәрін Аллаға тапсырдым. Дегенмен менің көргенім басқа дүние, Анама қолдау көрсету үшін осы мәселе барысында Анамның жанынан табылдым”, – деді Жансая.
Сондай-ақ ол анасының кешірім беру туралы шешіміне бастапқыда аң-таң болғанын да жасырмады. Жансаяның жазуынша, Серікбаева бұл келісімге белгілі қоғам қайраткерлерінің араласуымен келген.
“Жан-жақтан белгілі ел ағалары келіп:
— Наркенже қарындасым, кешірімді болайық, екі тарап келісімге келіңдер, — дегенде, Анам көрегендік танытып, ел ағаларының сөзінен аттап кете алмай, біздің тарапымыздан кешірім берілді. Негізі, бұл жағдай резонанс тудырды.
Сол жерде тұрып мен де анама ренжіп:
— Неге кешірдіңіз? Неге соңына дейін бармадыңыз? — деген сұрақты қойдым.
Сонда анам:
— Саяш, Алладан үлкен емеспіз. Үлкен басымен ел ағалары алдымызға келіп тұрғанда, кешірім бермесек, біздің адамгершілігіміз қайда қалады? — деп, мені тоқтатты.
Осылайша екі жақ ортақ шешімге келдік”, — деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облыстық Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның әншісі Наркенже Серікбаева мәдениет саласындағы түйткілдер мен басшылық тарапынан көрсетілген қысым туралы әлеуметтік желіде ашық жазба жариялаған еді. Өнер иесінің бұл мәлімдемесіне филармония директоры Ғалымжан Ерназаров жауап берген болатын.
Айта кетейік, бұған дейін әнші Наркенже Серікпаева ашық мәлімдеме жасаған еді.
"Мен босқа шырылдап, хайп іздеп жүрген әнші емеспін. Өнерге жаным ашығандықтан ашынып айтамын. Шындық деп шырылдап жүрген қазақтың бір қызымын", – деді Серікпаева.
Ол өзі қызмет ететін филармонияны "қара шаңырақ" деп атады. Айтуынша, алдағы шілде айының 11-інде филармония ұжымы Испанияға концерттік бағдарламамен баруы тиіс. Алайда шетелге шығар алдында киім мәселесін көтергені үшін қысымға ұшырағанын мәлім етті.
"Сол жаққа барарда киім мәселесін реттеп беріңіз деген сөзім басшыға жақпай, қысым көрсетіп жатыр", – деді ол.
Әншінің айтуынша, филармония директоры Ғалымжан есімді азамат оған концертке қатыспайсың деп талап қойған.
Ал кейін Серікбаеваның өзі шағымданған филармония басшылығымен бітімге келгені белгілі болды.
"Армысыздар, Қазақ елі! Кешелі бері маған жанашырлық танытып, қолдау білдіріп жатқандарыңызға, рахмет! Алла разы болсын!
Бүгін мекемеге келіп, арнайы әкімшіліктен комиссия құрылып, Ғалымжан Ерназаров екеуміз бір-бірімізді түсіністік. Бір-бірімізден кешірім сұрадық", - деді Наркенже Серікбаева
Филармония басшысының сөзінше, аталған мәселе бойынша арнайы комиссия келіп, екі тараптың арыз-талабын қарастырыған.
"Кешеден бері резонанс тудырған мәселе үшін кешірім сұраймыз! Әрбір үйдің мәселесі өз ішінде қалуы тиіс еді. Енді елге тарап кеткеннен кейін облыстық мәдениет басқармасынан және әкімшіліктен комиссия келді. Олар екеуміздің талаптарымызды, өтініштеріміз қарады. Бір-бірімізге қоятын мәселе жоқ.
Ешқандай дау-дамай және мәселені ушықтырып керек емес", - деді Ғалымжан Ерназаров.