“Сот шешімін күтейік”. Наркенже Серікбаеваның сынына филармония директоры жауап берді

Қаракөз Амантай 24 мау. 2025 12:15

Түркістан облыстық Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның әншісі Наркенже Серікбаева мәдениет саласындағы түйткілдер мен басшылық тарапынан көрсетілген қысым туралы әлеуметтік желіде ашық жазба жариялаған еді. Өнер иесінің бұл мәлімдемесіне филармония директоры Ғалымжан Ерназаров жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Кешегі әлеуметтік желіде тарап жатқан видео бойынша мен де өз жауабымды бергім келеді. Мен – отбасылы, анам бар азаматпын. Маған, менің отбасыма қатты күйе жағылып жатыр. Бұл заң мені де қорғайды деген ойым бар. Заң аясында сотқа шағымдандым. Соттың шешімін күтейік. Содан кейін барлық әлеуметтік желіде жариялаймыз”, — деді Ғалымжан Ерназаров.

Сонымен қатар ол әншінің “жұмыстан қудалау” туралы мәлімдемесін жоққа шығарды.

“Мені жұмыстан қудалап жатыр” деген сөздері шындыққа жанаспайды. Себебі оның әлеуметтік парақшасынан көріп отырсыздар, бір күні Жезқазғанда, бір күні Қызылордада тойда жүреді. Ол мүлдем жұмысқа келмейді. Біздің кемшілігіміз – жұмыста болмады деп жұмыстан шығарып жіберуіміз еді. Біз оған жанашырлық таныттық”, – дейді ол.

Директордың айтуынша, Серікбаева оның кәсіби біліктілігіне де күмән келтірген. Бұған қатысты Ерназаров өз қызметіне толық сәйкес келетін білімі бар екенін атап өтті.

“Мамандығым сәйкес келіп, өнерге жанашыр болғаннан кейін мен осы қызметті атқарып отырмын. Шетелге бару бойынша – олардың барлығы ресми іс-шаралар, елшінің хаты, басқарманың рұқсаты бар. Бұл ақшаны далаға шашып-төгу емес. Астана күнін тойлау мақсатында бара жатқан сапар”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін әнші Наркенже Серікпаева ашық мәлімде жасаған еді.

"Мен босқа шырылдап, хайп іздеп жүрген әнші емеспін. Өнерге жаным ашығандықтан ашынып айтамын. Шындық деп шырылдап жүрген қазақтың бір қызымын", – деді Серікпаева.

Ол өзі қызмет ететін филармонияны "қара шаңырақ" деп атады. Айтуынша, алдағы шілде айының 11-інде филармония ұжымы Испанияға концерттік бағдарламамен баруы тиіс. Алайда шетелге шығар алдында киім мәселесін көтергені үшін қысымға ұшырағанын мәлім етті.

"Сол жаққа барарда киім мәселесін реттеп беріңіз деген сөзім басшыға жақпай, қысым көрсетіп жатыр", – деді ол.

Әншінің айтуынша, филармония директоры Ғалымжан есімді азамат оған концертке қатыспайсың деп талап қойған.

"Бүгін басшымыз Ғалымжан мырза маған филармония концертіне шықпайсың деп талап қойып отыр. Неге? Не үшін? Жеке кеш беріп, ел аралап жүрген мен шықпағанда кім шығады?" – деп ашына сұрады ол.

Наркенженің айтуынша, филармония басшылығы өнерпаздардың шетелге лайықты ұлттық киіммен шығуын қамтамасыз етуге міндетті.

"Димашты әлем таныды. Домбырасымен, қазақша киімімен. Әлем қазақ өнеріне көз тігіп отырған сәтте, прокаттан алынған, жамау-жамау киіммен емес, ұялмай киіп шығатын, қазақтың болмысын көрсететін киім тігу керек емес пе?" – деді ол.

Әншінің сөзіне қарағанда, шетелге шығу үшін әрбір өнерпазға шамамен 500 мың теңге қажет (жол ақысы, виза және т.б.). Ол бұл сомаға әр әншіге кемі екі көйлек тіктіруге болатынын айтады.

Серікпаева филармония басшысының ұжымға дөрекі сөйлейтінін де жасырмады. Бұл жағдай оның жеке басының емес, жалпы өнерпаздардың мәселесі екенін атап өтті.

"Айлығы шайлығынан аспайтын, арасында қашып, тығылып тойға шығып қайтатын әнші киімін тіктіре ме? Әнін жаздыра ма? Кредитін төлей ме?" – деп көптің жанайқайын жеткізді.

Ол осы мәселеге байланысты Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлынан көмек сұрап, жеке қабылдауын өтінді.

"Мені қабылдасаңыз, айтарым көп. Біздің филармонияның қазіргі жай-күйінен хабар алыңыз. Мәдениетімізді кімдердің қолына беріп отырғаныңызға мән беріңізші", – деп түйіндеді әнші.

Тағы бір үндеуінде Наркенже Серікпаева көп қысым көріп келе жатқанын айтады. 

Маған “концертке қатыспайсың, сенің киімің жоқ” деп және махаббаттар жайлы әңгіме айтты. Ұят та болса айтайын, “менің алдыма келіп отыр, мен сені иіскеуім керек” деген әңгіменің бәрінен өтіп келе жатырмын. Құрметті әкім мырза, осы мәселені қолға алуыңызды сұраймын. Жалпы мен ғана емес, қазақ қыздарының көбі сондай басшылардың астында кетіп бара жатыр, дейді әнші.

Бұл жайтқа қатысты Түркістан қаласының мәдениет басқармасы пікір білдірді. 

"Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әншісі, ҚР Ерен еңбегі үшін медалінің иегері Н.Серікбеваның әлеуметтік желідегі сыни жазбасына сәйкес келесідей хабарлаймыз. Ондағы көтерілген мәселелерді анықтау мақсатында басқарма тарапынан шұғыл комиссия құрылып, зерделеу жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырма берілді. Комиссия жұмысының нәтижесінен соң ресми жауап беріледі", - дейді басқарма өкілдері.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар