Марлен Көлбаев Жетісу университетіндегі қабылдау комиссиясының жұмысымен танысты

Ақтоты Жапатова 14 июл. 2025 16:01

Бүгін І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетіндегі қабылдау комиссиясының жұмысымен танысу мақсатында Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев арнайы келді. Жалпы, еліміз бойынша қабылдау комиссиялары жұмысын 20 маусымда бастаған. Маусымдық науқанның жұмысын тиімді ұйымдастыру барлық жоғары оқу орындары үшін өте маңызды. Жетісу университеті – өңірдегі бірден-бір оқу орны болғандықтан, бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Университет әкімшілігі қабылдау комиссиясының жұмысы басталған күннен бастап талапкерлер мен олардың ата-аналары үшін барлық қолайлы жағдайды қарастырды. Университет ауласына арнайы шатырлар құрып, қосымша орындықтар қойып, ауыз су қондырғыларын орнатты. 13 шілдеде мемлекеттік білім беру грантына құжаттар қабылдау басталғаны белгілі. Осы аралықта қабылдау комиссиясының жұмысы күшейтіліп, барлық ресурстар іске қосылды. Қабылдау комиссиясы демалыссыз жұмыс кестесіне көшті.

Құжат қабылдау науқаны талапқа сай ұйымдастырылып, барлық үміткерлерге жоғары деңгейде қызмет көрсетілуде. Облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев қабылдау комиссиясының жұмысымен жақынырақ танысып, құжат өткізуге келген талапкерлер және олардың ата-аналарымен тілдесті. Университет басшылығының талапкерлер үшін жасаған қолайлы жағдайын көріп, қызметкерлерге әр талапкерге ізеттілікпен қарап, барлық сұрақтарына мұқият жауап беруді тапсырды.

Өтініш білдірген барлық талапкерлердің құжаты міндетті түрде қабылданады. Кезек талон арқылы электронды түрде белгіленеді. Ата-аналарға уайымдап, таңнан келіп кезек алудың еш қажеті жоқ. Барлық талапкерлер құжат тапсырып үлгереді. Қабылдау комиссиясының жұмысы Басқарма төрағасы – ректордың бақылауында.

Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік білім грантына құжат қабылдау 13–20 шілде аралығында өтеді.


Рекомендовать
Последние новости