Қазір ақшасын депозитте сақтап қана қоймай, сонымен қатар жинағын көбейту мақсатында акция сатып алатындар қатары да көбейіп келеді. Өткен апта соңында ForteBank акциясын ұстаушылар әбден у-шу болды: бір жыл ішінде өте тартымды "қағазға" айналған ол бір сәтте бірден екі есе бағасын жоғалтты. Мамандар осы бір акция қозғалысын мысалға ала отырып, қор нарығында әрекет еткенде нені есепке алып, ал тағы қандай жайттардан бойды аулақ ұстау керектігі жөнінде кеңеспен бөлісті. Онымен Dalanews.kz сайтындағы осы мақаладан таныса отырыңыздар.
Ірі мәміле туралы жарияланған ақпарат аясында ForteBank-тің KASE-дегі акцияларының бағасы бұрын-соңды болмаған өсімді көрсетті. 11 шілдеде баға өсімінің шыңы тіркелді. Атап айтқанда:
- Бір апта ішіндегі өсім: +65,55%
- Бір ай ішіндегі өсім: +141,51%
- Бір жыл ішіндегі өсім: +225,18%.
Яғни, 2025 жылы 11 шілдеде бастапқы бағасы 7,6 теңге болған ForteBank-тің бір акциясының құны 44 теңгеге жетті. Инвесторлар чатында ажиотаж болды. Бірақ, әдеттегідей, фундаменталды фактілерге негізделмеген өсім болғандықтан, оның ақыры да аяқ асты орын алды. Өткен жұма, 11 шілдеде акциялардың бағасы 32,37%-ға төмендеп, 22 теңге болып қалды. Яғни, бұл "қағазды" баға өсімі шыңында сатып алғандар төбесіне суық су құйып жібергендей әсер алды. Енді қайтесің, кім сатып үлгермеді, сол бәрінен кеш қалды.
Kaz Invest Group сарапшылары бұл арада қолдан "баға көпіршігі" жасалғанын нақтылайды. Бірақ мұндайда онсыз болмайды екен.
"Себебі ақшасын алып, ірі инвестор қор нарығына кіргенде бос акциялар көп бола бермейді. Сәйкесінше, сұраныс өседі, соған сәйкес баға да жоғарылай береді. Алайда нарық – тірі ағза. Жылдам өсімнен кейін бағаға түзеулер енгізіледі", делінеді Kaz Invest Group-тың Telegram арнасында. Осында жүргізілген сауалнама нәтижесі де көрсетіп отырғандай, аталған акцияны сатып алушылардың 28% ғана бағаның қатты өсімі кезінде сауда жасап үлгеріп, пайдаға кеңелген. Ал қалғандары, өкінішке қарай, классикалық тұзақтың құрбаны болды.
Инвесторлардың 46%-ы аздап шығынға ұшыраған немесе аздап қана пайда көрген. Олар - акцияны 40 теңгеден төмен сатқандар.
Ал 18%-ы ең көп тараған қателікке ұрынған: нағыз хайп кезінде акцияны 32 теңгеден сатып алады да, оны мүлде сатып үлгермейді. "32 теңгеден сатып алып, қайта сатып үлгермедім" деген пікір желідегі қызу пікірталастардың көзіне айналды.
ForteBank акцияларымен болған оқиға - бұл FOMO (Fear of Missing Out) әсерінің немесе "мүмкіндікті жіберіп алмау" эмоциясымен жалпы процеске кеш қосылу тұрғысындағы классикалық мысал. "Жұрт өкіртіп ақша тауып жатқанда, олардын тысқары қаламын ба" деген осы елең-алаң психологиялық күй адамдарды бұрыс шешім қабылдауға түрткі болып жатады.
Сарапшылар осындай психологиялық күйде болған инвесторлар мынандай негізгі ережелерді елеусіз қалдыратынын айтады:
- Жаңалық - пайданы білдірмейді. Ірі мәміле - бұл оң сипаттағы белгі, бірақ оның банктің пайдасына нақты әсері болашақ қаржылық есептілікте ғана көрінеді.
- Тек бір жаңалық аясында болған өсім әрдайым алыпсатарлық сипатқа ие. Тәуекелдерді талдау міндетті болып табылады. Баға шарықтап тұрғанда сауда жасамас бұрын, өзіңізге сұрақ қоюыңыз керек еді: "Акцияның шын бағасы қандай? Егер бұл жаңалық бағаны "ойнату" үшін жасалып жатса ше?» дегендей.
- Есеп болмаса – өсім де жоқ. Компанияның тұрақты өсімі әрдайым қаржылық көрсеткіштермен расталады: таза кіріс өсімі, кірістіліктің жақсаруы, ұғынықты дивидендтік саясат. Бұл факторларсыз өсім күмәнді болып табылады.
"Қорыта келгенде, ForteBank оқиғасы қатты күйзелетін жағдай емес әрине, бірақ Қазақстанның жас қор нарығы үшін маңызды әрі сабақ болатын дүние. Жеке инвесторлардың қызығушылығының артуы, әрине, оң үрдіс. Ол қаржылық мәдениеттің дамып келе жатқанын көрсетеді. Алайда, ол қаржылық сауаттылықты арттырып отыру керектігін де танытады. Алыпсатарлық хайпты іргелі өсімнен ажырата білу, эмоцияларды бақылау және тәуекелдерді байсалды бағалау - бұл табысты инвесторды лотереяға қатысушыдан ерекшелендіретін қасиеттер. Бұл жайт қарапайым ережелерді елемеу қаншалықты қымбатқа түсетінін анық көрсетті", - дейді сарапшылар.