Алматы тұрғындарының жылу мен ыстық су үшін жиналып қалған жалпы берешегі 2 миллиард теңгеге жетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот шешіміне сәйкес, олардың шоттары бұғатталып, кейбіріне шетелге шығуға тыйым салынды
“Алматылық жылу желілері” ЖШС хабарлауынша, борышкерлерге қатысты заң аясында бірқатар шектеу шаралары қолға алынған. Атап айтқанда, мүлік пен банк шоттарына тыйым салынып, шетелге шығуға шектеу қойылған. Сондай-ақ толық төлем жасалғанға дейін кейбір тұтынушыларды ыстық сумен жабдықтау уақытша тоқтатылған.
Жыл басынан бері 600-ден астам абонентке осындай шектеу шаралары қолданылған. Ал заңды тұлғаларға 3345-ке жуық сотқа дейінгі талап арыз жолданған.
“Жылу мен ыстық су үшін төлем жасамаған 5184 борышкерге қатысты қарыз өндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатта соттарға талап-арыздар беріліп, нотариустар арқылы атқарушылық жазбалар рәсімделді”, — делінген мекеме таратқан ресми мәлімдемеде.
Бүгінде 1754 борышкерге қатысты нақты шектеулер енгізілген:
– 926 азаматтың жылжымайтын және жылжымалы мүлкіне тыйым салынды;
– 822 борышкердің банк шоттары бұғатталды;
– 254 адамның Қазақстаннан шығуына шектеу қойылды;
– 144 тұрғынның жалақысы мен өзге де кірісінен қарыз мәжбүрлі түрде ұсталды.
“Алматылық жылу желілері” компаниясы тұрғындарды жауапкершілікке шақырып, қызмет ақысын дер кезінде төлеуге үндейді.