Қазақстанда салық бұзушылықтарының бір бөлігіне амнистия жарияланды

Самал Асқар 19 мар. 2026 15:58

Қазақстанда салықтық әкімшілендіру тәсілдері қайта қаралып жатыр, деп хабарлайды Dala News.

Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сеилжан Ахметов мәлімдеді.

«2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жіберілген жекелеген бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылмайды. Оған ҚҚС бойынша есепке қою туралы өтінішті уақытында бермеу және есепке қойылмаған кезеңде айналым жасау фактілері кіреді», – деді Сеилжан Ахметов.

Сонымен қатар кейбір мәмілелер бойынша сотқа талап қою тоқтатылған.

«Сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін микро және шағын бизнес субъектілері арасында жасалған мәмілелер мен тіркеулерді жарамсыз деп тану туралы талап-арыздарды беру тоқтатылды. Құқық қорғау органдары бастамашы болған жағдайлар бұған кірмейді», – деді спикер.

Бұдан бөлек, айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару қарастырылған.

«Негізгі салық қарызы толық өтелген жағдайда айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару көзделген», – деді Ахметов.

Оның айтуынша, бұл өзгерістер бизнеске қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

«Жалпы барлық өзгерістер салық жүйесін бизнес үшін түсінікті әрі ыңғайлы етуге бағытталған. Ол үш негізгі қағидатқа негізделеді: цифрландыру, тәуекелге негізделген тәсіл және сервистік модель», – деді спикер СЦК-де өткен баспасөз конференциясында.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove