Салық реформасы: «Әділетті Қазақстанға» апарар басты құрал ма?

Самал Асқар 19 мар. 2026 16:56

Қазақстанда салық жүйесін жаңғырту елдегі экономикалық әділдікті қалыптастырудың негізгі тетіктерінің біріне айналуда, деп хабарлайды Dalanews.kz

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Dala News тілшісіне берген сұхбатында салық реформасының басты бағыттары, бизнеске түсетін жүктемені азайту және цифрландыру арқылы ашық әрі тиімді жүйе қалыптастыру жайын айтты.

Кейінгі жылдары салық жүйесін реформалау аясында бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұл жаңашылдықтардың негізгі мақсаты мен басым бағыттары қандай?

Салық кодексі осы жүйені жеңілдетуге бағытталған бірқатар негізгі өзгерісті, оның ішінде салық есептілігін 30%-ға және салық көлемін 20%-ға азайтып, салық жеңілдіктерін оңтайландыруды, сараланған мөлшерлемелерді енгізуд мен инвестициялық белсенділікті ынталандыруды, сондай-ақ сән тауарларына жүктемені арттыру мен басқа да бірқатар өзекті мәселелерді шешуді көздейді.

Тұтастай алғанда, салықты басқару процесінен жазалау тетігін алып тастау қарастырылған. «Фискалды» сүйемелдеуді енгізуге басымдық беріледі. Яғни, бизнес тіркелген сәттен бастап және салық төлеушінің бүкіл қызметі барысында ақпараттық және басқа да қолдау көрсетіледі.

Камералды бақылау тәсілдері түбегейлі өзгерді. Бүгінде бұл процедура ескерту сипатында болып, кемшіліктерді жою саласынан анықталған сәйкессіздіктерді айқындау саласына өткен.

Салық төлеуші келісуге немесе өз пікірін жеткізу арқылы түсініктеме беруге құқылы. Бұл ретте камералды бақылау рәсімі аяқталып, барлық мүмкін болатын келіспеушілік тек ықтимал құжаттамалық салықтық тексеру барысында шешілуі тиіс.

Мұндай тәсіл камералды бақылау хабарламаларына шағымдануды едәуір азайтады.

Қарапайым халық пен бизнес арасында әділдік қағидасы сақталған ба?

Сақталған. Қалай десеңіз, салық жүйесіндегі әділдік қағидаты талаптардың салық төлеушілердің мүмкіндіктерімен сай келуіне байланысты сақталады.

Жеке тұлғалар үшін салық міндеттемелерін орындаудың жеңілдетілген рәсімдері қарастырылып, кез келген азамат бизнеспен айналысқысы келген жағдайда арнаулы салық режімдерін қолдану мүмкіндіктері кеңейтілді. Фермерлік және шаруа қожалықтарына, сол секілді жеке қосалқы шаруашылықтар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған жеңілдіктер сақталып отыр. 

Сонымен қатар ірі бизнеске есептілікке байланысты, сондай-ақ аудит пен цифрлы бақылауға қойылатын кеңейтілген талаптар қойылғанын айта кетейік.

Аталған тәсіл мүдделер тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, экономикалық тұрғыдан мықты субъектілердің жауапкершілігін арттырады. 

Салық реформасы шағын және орта бизнеске қандай артықшылықтар беруге қауқарлы? 

Қазақстан Үкіметі салық саласындағы өзгерістер кезеңінде әкімшілік жүктемені азайту мен кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған микро және шағын бизнес үшін «Таза парақтан» тетігін енгізді.

Биыл 1 қаңтардан бастап осы күнге дейінгі кезеңдер үшін міндеттемелерге байланысты кешенді шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, камералды бақылау жойылып, жекелеген жағдайларды қоспағанда (мысалы, жымысқы әрекеттер тәуекелі туындаған кезде, құқық қорғау органдарының желісі бойынша, ҚҚС бойынша және т.б.) өткен кезеңдер бойынша салық тексерулері жүргізілмейді. Бұл нақты (нүктелі)  бақылау механизмдерін сақтай отырып, ретроспективті басқарудан бас тартуды білдіреді.

Сондай-ақ 2026 жылға дейін жасалған мәмілелер мен тіркеу бойынша талап-арыздар беру тоқтатылады (құқық қорғау органдарының материалдарын есепке алмағанда) және осыған дейін ұсынылған есептілік бойынша камералды бақылауды жүргізбестен бизнесті тарату рәсімі жеңілдетіледі.

Бұдан бөлек кәсіпкерлер негізгі берешекті 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін өтеген болса, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығаруды көздейтін қаржылық қолдау жеке қарастырылғанын айта кетейін. Сонымен бірге ҚҚС бойынша мәселелер мен уақтылы тапсырылмаған есептілікті қоса алғанда, өткен кезеңдердегі бірқатар бұзушылыққа қатысты әкімшілік істер қозғалмайтын болады.

Мысалы, 16.03.2026 жылдағы жағдай бойынша 2,1 млрд теңге көлеміндегі негізгі салықты өтеу нәтижесінде 634 млн теңге мөлшеріндегі өсімпұл мен 1,4 млрд теңге шамасындағы айыппұл сомасы есептен шығарылды. 

Тұтастай алғанда, бұл амал бизнестің қаржылық жағдайын тұрақтандырып, әкімгерлік қысымды төмендетуге және мемлекет пен кәсіпкерлердің өзара ынтымақтастығының барынша әріптестік моделін қалыптастыруға бағытталған.

Қоғамда салық жүйесінің ашықтығы мен әділдігі туралы жиі айтылып келеді. Бұл орайда кәсіпкерлікпен енді айналыса бастаған азаматтарға қандай жеңілдіктер бар?

Жаңа реформада табысы аз жандарды қолдау мақсатында, сондай-ақ кәсібін арагідік жалдамалы жұмыскерлерсіз жүргізетін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР қарастырылған.

АСР дара кәсіпкер болып саналмайтын, жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін қызметте пайдаланбайтын, сондай-ақ ҚР Үкіметінің қаулысымен (40 Қызмет түрі, ҚР ПП 2025 жылғы 21 қарашадағы № 994) осы режімді қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерін жүзеге асыратын әрі күнтізбелік айдағы табысы 300 есе АЕК-тен (2026 жылы 1,3 млн теңге) аспайтын тұлғалар (Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар) қолдануға құқылы.

Аталған режімді қолданатын тұлғалардың міндеттемелері барынша жеңілдетілген:

1. жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетінен босатылған;

2.табыс салығын төлеуден толық босатылған (ЖТС мөлшерлемесі – 0%);

3.мұндай тұлғаларға тек жалғыз міндеттеме – табыстың 4% мөлшерінде әлеуметтік төлемдерді төлеу қарастырылған (МЗЖ, ЖБМЗЖ, ӘА және МӘМС 1%-дан). Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтыған жандарға сақтандыру жағдайы басталған жағдайда зейнетақымен қамсыздандыруды, медициналық және әлеуметтік сақтандыруды қоса алғанда, базалық әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етеді;

4. салық есептілігін ұсынудан босатылған;  

5.тиісті міндеттемелерді қолайлы орындап, жеңіл болуы үшін арнайы мобильді қосымшаны қолдану көзделген. Онда көрсетілген қызметтер үшін чек шығару (БКМ қолданудың қажеті жоқ), бір айдағы кіріс тізімін қалыптастыру, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді автоматты түрде есептеу мүмкіндігі берілетін болады. 

6. платформалық жұмыспен қамту арқылы еңбек ететін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қатысты әлеуметтік төлемдерді ұстап қалу мен аударымдарды интернет-платформа операторы платформа арқылы алынған кірістер бойынша жүргізетін болады.

7. жалпыға ортақ телекоммуникация желісі қарастырылмаған жерлерде қызмет ететін тұлғалар өз міндеттемелерін бір ай ішінде тапқан табыстан тиесілі соманы төлеу арқылы орындайды.

Бұл артықшылықтар өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қызметін заңдастыруға, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуге (зейнетақы, медициналық және әлеуметтік қорғауға қол жеткізуге) арналған.

Кәсіпкерлерге жайлы болу үшін МКК бизнесті қалыпты сүйемелдеу моделін енгізеді – салық төлеуші тіркелген сәттен бастап оның қызметі аяқталғанға дейін. Тың тәсіл адамға бағдарланған және төмендегі мүмкіндіктерге жол ашады:

- мобильді қосымшалар арқылы жеңілдетілген салықтық тіркеуге;

- алдын ала толтыру және автоматты түрде декларациялау;

- түймені бір рет басып салық төлеуге;

-қызметтердің бір бөлігін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен қаржы секторына беруге;

-екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларын қоса алғанда, салық төлеушілердің хабардарлығын электронды сервистермен нығайтуға;

- жастардың салық және кедендік сауаттылығын арттыруға;

- ашық API-сервистерін кеңейте түседі.

Осы іс-шаралар аясында болашақ кәсіпкерлерге арналған «калькулятор» түріндегі алдын ала сауалнама жүргізу функционалы әзірленді. Бұл онлайн-құрал енгізілген өлшемдер негізінде ұсыныстар алуға мүмкіндік береді, сондай-ақ бизнестің оңтайлы ұйымдық-құқықтық формасын, салық салу режімін, есептілік тізімін, оны ұсыну мен салық төлеу мерзімдерін, сонымен қатар салық және кедендік міндеттемелерді тіркеу мен орындау тәсілдерін анықтауға көмектеседі.

Сауалнама қорытындысы бойынша салық төлеушіге есептіліктің нақты тізбесі, оны ұсыну және төлеу мерзімдері, салық мөлшерлемелері, БКМ пайдалану, қызметті тежей тұру және тоқтату жөніндегі ақпарат жазылған жадынама қалыптастырылады.

Аталған сервисті СӘИЖ-дегі салық төлеушінің кабинетінде, МКК порталында және «Бірыңғай жеке кабинет» жүйесінде түрлі интернет-платформалар мен банктердің мобильді қосымшаларын қоса алғанда, API арқылы тираждау мүмкіндігімен іске асыру жоспарланған.

Цифрландыру салықты басқару процесін жеңілдетті ме? Бүгінде қандай цифрлы шешімдер жолға қойылды?

Қазақстанда жаңа Салық кодексі аясында мемлекеттік қызметті көрсетудің сервистік моделіне көшу қолға алынды. Бұған сәйкес артық әкімшілік шаралардан арылып, сапалы әрі жайлы қызметті нығайтуға, цифрландыру мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге баса мән берілмек.

Мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сервистік моделі – тиісті қызметтердің қолжетімділігі мен жайлы болуына, сондай-ақ жақсы сапаға бағдарланып, мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен өзара іс-қимылын арттыратын заманауи көзқарас болып саналады.

Көзделген меже – дәстүрлі әкімшілендіру форматынан қызмет алушы басты назарда болатын клиентке бағдарланған тәсілге көшу.

Тұтастай алғанда, Мемлекеттік кірістер комитеті ескі 12 жүйеден 5 жаңа ақпараттық жүйеге көшу арқылы жаңа цифрлы архитектураны енгізу жұмысын аяқтады. Жасыратыны жоқ, біраз қиындық болды: көптеген пайдаланушыға жаңа жүйелерге ауысып, бейімделуге тура келді. Қазір кабинет штаттық режімде жұмыс істеп, есептер мен өтініштер қабылданып жатыр.

СӘИЖ пайдаланушылары – 2,3 млн адам, платформаға күніне орта есеппен 87 мыңнан астам салық төлеуші кіреді.

Жаңа жүйенің басымдықтары – құжаттар жылдам өңделеді (1 минутқа дейін), онлайн төлемдер алу, жоғары қолжетімділік деңгейі (13 млн пайдаланушыға дейін), бір мезгілде кіретін пайдаланушылар саны ұлғайту (100 мыңнан 250 мыңға дейін), кәсіпкерлер тарапынан кемшіліктерді болдырмау үшін форматты-логикалық бақылауды енгізу қарастырылған.

Нөлдік есептілікті автоматты түрде қалыптастыру, яғни егер де салық төлеуші белгіленген мерзімде салық есептілігін ұсынбаса, жүйе автоматты түрде нөлдік есептілікті қалыптастырады. Бұл есептілікті ұсынбағаны үшін хабарламалар жолдаудың, банк шоттар бойынша шығыс операцияларын тежеудің және әкімшілік жауапқа тартудың алдын алады.

Жүйенің жолға қойылуымен бизнес-процестер оңтайландырылды және салық рәсімдерін қолмен түзетуге шектеу қойылды. BigData-ны құру есебінен салық төлеушілерге қолдау көрсетудің сервистік моделі аясында ЭШФ және импорт деректері негізінде ҚҚС бойынша декларацияны алдын ала толтыру мүмкіндігі іске асырылды. Кез келген ұйым айналымдар бойынша деректерді салыстырып, декларацияны жолдай алады. Бұл тәсіл декларацияның басқа да түрлеріне біртіндеп қолданылатын болады.

Сондай-ақ ҚР Ұлттық банкпен бірлесіп ҚҚС ашық түрде және бақылап қайтаруға септесетін «Цифрлы ҚҚС» модулі әзірленді.

Оған қатысу үшін салық төлеуші ЕДБ-те цифрлы шот ашып, таңбаланған ҚҚС-мен цифрлы теңгені сатып алады (бағам бойынша 1 теңге 1 цифрлы теңгеге тең).

Таңбаланған (бағдарламамен әзірленген) ҚҚС тек мақсатына қарай – өндірушілермен (жеткізушілермен) электронды шот-фактуралар бойынша немесе ҚҚС төлеміне байланысты бюджетпен есеп айырысу үшін пайдаланылуы мүмкін. Таңбаланған цифрлы теңгені басқа мақсаттар үшін пайдалануға немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға болмайды.

Жасанды интеллектіні қолдануға келсек, салық төлеушілерге контрагенттер бойынша режімді қарау мүмкіндігі беріліп, бұл келісімшарттар жасасу және шығындарды шегерімге жатқызу мүмкіндігі үшін қажет. Осыған байланысты біз кез келген салық төлеушілер бойынша барлық ашық деректі көруге болатын ЖИ-агентін іске асырдық. Сонымен қатар салық төлеушілер маңызды сұрақтарға жауап ала алады.

Бұл модель қызмет көрсету моделімен бірге бизнесті сүйемелдеу тұжырымдамасында дамитын болады. Кейін контрагенттер бойынша жабық деректерді де қарауға мүмкіндік беру ойда бар. Әлбетте, бұған мұндай контрагент өз келісімін берген жағдайда.

Бұдан басқа, биыл СӘИЖ-дегі салық төлеушінің кабинетінде жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды тіркеуден бастап қызметін тоқтатуға дейінгі циклдің барлық кезеңінде сүйемелдеуді қамтамасыз ететін бірыңғай цифрлы сервисті құру жоспарланып отыр. Жүйе есептілікті қабылдау мен міндеттемелердің орындалуын бақылаумен қатар жекелеген кеңестер, хабарламалар мен алдын ала толтырылған формаларлы ұсынатын болады.

Жалпы, қолға алынған салық реформасы әкімшілік жүктемені азайтып, ашықтықты арттыруға және мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған. Бұл өз кезегінде «Әділетті Қазақстан» қағидаттарын іске асырудың маңызды қадамы болмақ.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove