Қазақстанда сыра өндірісі соңғы жылдардағы ең төмен деңгейге дейін азайды

Көркем Алдабергенова 19 мар. 2026 15:09

Ақпанда сыра өндірісі 31,6 млн литрге дейін төмендеді. Бұл қаңтармен салыстырғанда 31%-ға, ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 27%-ға аз. Мұндай көрсеткіш соңғы жылдардағы ең әлсіз нәтижелердің бірі саналады. Ал 2024 жылғы аномальді қаңтарды есепке алмасақ, бұл іс жүзінде соңғы тоғыз жылдан астам уақыттағы ең төмен деңгей, деп хабарлайды Dalanews.kz Бірінші кредиттік бюроға сілтеме жасап.

Негізгі құлдырау елдегі сыраның 95 пайыздан астамын өндіретін басты өңірлерге тиесілі болды. Ең көп төмендеу Алматыда тіркелді: өндіріс көлемі 10,3 млн литрді құрап, бір айда 38%-ға, бір жылда 42%-ға азайған.

Бұл төмендеудің нақты бір себебі бар – реттеу шаралары. 1 ақпаннан бастап өндірушілерге кег пен бөтелкедегі сыраны міндетті түрде таңбалау талабы енгізілді. Іс жүзінде бұл өндіріс желілерін қайта жабдықтауды, жаңа IT жүйелерін енгізуді және қосымша шығындарды білдіреді. Бизнес өкілдері бұған дейін-ақ іркілістер мен бағаның өсуі болатынын ескерткен.

Баға да бұған бірден әсер етті: бір айда 3,6%-ға, бір жылда 15,7%-ға өсті.

Арада екі апта өткен соң билік бұл шешімді ішінара кері қайтарды: бөтелкедегі сыраны міндетті таңбалау мерзімі 2026 жылғы 1 қыркүйекке шегерілді. Ал толық қадағалау жүйесі тек 2027 жылдан бастап іске қосылады.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove