Әсет Матаевқа жасалған шабуыл: адвокаттар оның қайда екенін анықтай алмай отыр

Қаракөз Амантай 19 мар. 2026 14:33

Күні кеше әріптестерімен жүздескен “ҚазТАГ” ХАА жетекшісі Әсет Матаевтың ауыр жағдайда ауруханаға түскені белгілі болды. Алғашында әлеуметтік желілер мен анонимді Telegram-арналарда бұл оқиға “қарапайым көше жанжалы” ретінде сипатталған еді. Алайда уақыт өте келе істің мән-жайы күрделене түсті, деп хабарлайды Dalanews.kz Elmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Қазір адвокаттар Рена Керимова мен Елена Жигаленок өз қорғауындағы азаматтың нақты қай жерде жатқанын анықтай алмай отыр. Мәліметтерге сәйкес, ауыр соққыдан кейін Матаев ауруханаға жеткізілген, бірақ оның қай медициналық мекемеде екені айтылмай отыр. Алматы қалалық полиция департаменті мен аудандық басқарма бұл мәселеге қатысты әзірге түсініктеме бермеген.

Қорғаушылардың айтуынша, жарақат алған адамды заңды өкілдерінен жасыру – өрескел заңбұзушылық. Олар Матаевтың жағдайы ауыр екенін, шұғыл әрі білікті медициналық көмек қажет екенін атап өтті.

Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Әсет Матаевтың басынан ауыр жарақаттар анықталған. Атап айтқанда, бас сүйегінде ашық жара, маңдай қуысының алдыңғы және төменгі қабырғасының сынуы, гемосинус және маңдай тұсының соғылған жарақаты тіркелген.

Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал барысында 5–6 адамнан тұратын топ Әсет Матаев пен оның досы Уалиханға шабуыл жасаған. Оқиға кезінде ауыр металл құрал – монтировка қолданылған. Адвокаттардың айтуынша, қандай жағдай болмасын, ауызша жанжал адамды темір құралмен ұрып, ауыр жарақат салуға негіз бола алмайды.

Сонымен қатар бұл оқиға басқа да даулы жағдайлармен тұспа-тұс келіп отыр. Соңғы уақытта “ҚазТАГ” агенттігі мен Freedom құрылымдары арасында сот процестері жүріп жатқаны белгілі. Осы жағдай аясында кейбір тараптар оқиғаның кездейсоқ еместігін де алға тартады.

Айта кетейік, оқиға болған Dostyk Plaza маңы бейнебақылау камераларымен толық қамтылған. Демек, шабуылдың нақты қалай болғанын анықтауға мүмкіндік бар.

Оқиғаның мән-жайы әлі де анықталып жатыр. Elmedia редакциясы жағдайдың өрбуін бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove