Ақтөбе облысында ауыл әкімі суицид жасамақ болды

Көркем Алдабергенова 09 июл. 2025 17:23

Ақтөбе облысы Алға ауданына қарасты ауыл әкімдерінің бірі – 47 жастағы шенеунік 7 шілде күні өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Бұл туралы Алға ауданының әкімі Асланбек Шүіншәлиев ресми түрде хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Аудан әкімінің айтуынша, суицид әрекетінің алдын шенеуніктің әйелі дер кезінде алған шаралардың арқасында тоқтатқан.

"Оқиғадан кейін ол ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Неліктен ондай қадамға барғанын нақты айта алмаймын – бұл жеке мәселе", – деді Асланбек Шүіншәлиев Tengrinews.kz-ке берген жауабында.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ер адам 7 шілдеде Алға аудандық ауруханасына түскен. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты, жалпы палатада ем қабылдап жатыр.

Неліктен мұндай әрекетке барғаны әзірге белгісіз. Облыстық полиция департаменті бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастағанын хабарлады.

"Суицид жасауға оқталу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде. Қосымша мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды", – деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметі.


Рекомендовать
Последние новости