Бүгінгі қоғамда діни экстремизм мен радикалды идеологияға қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әр азаматтың жауапкершілігіне айналып отыр. Діни сауаттылық, ақпараттық гигиена, ұлттық құндылықтарға адалдық — қауіпсіз қоғамның басты тірегі. Осы тақырып төңірегінде біз Шымкент қаласы Дін істері басқармасының басшысы Бахтияр Өнербаев Әлтайұлымен сұхбаттастық, деп хабарлайды Dalanews.kz
– Бахтияр Әлтайұлы, алдымен діни экстремизм ұғымының мәнін нақтылап өтсек. Қоғамда бұл сөз жиі қолданылады, бірақ әркім әртүрлі түсінеді.
— Діни экстремизм – қоғамда қорқыныш пен үрей тудыратын, қоғамдық құндылықтарға және мемлекеттік құрылымға қарсы бағытталған іс-әрекеттердің жиынтығы. Мұндай әрекеттер адамдарды бір-бірінен алыстатуға, қоғамда іріткі салуға бағытталады. Өкінішке қарай, елімізде 2011 жылдары Ақтөбе, Жамбыл облыстарында және Алматы қаласында бірнеше террорлық оқиғалар тіркелді. Сол кезде құрылымдық және құқық қорғау органдарына шабуыл жасалып, адам шығыны да болды. Мұның барлығын радикалды діни ағымның ықпалына түскен адамдар ұйымдастырған.
Осыдан кейін Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті арнайы кешенді жоспарлар қабылдады. Қазір сол жоспарлардың негізінде діни экстремизмнің алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
– Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар қандай құрылымдар арқылы жүзеге асырылады?
— Үкімет деңгейінде діни экстремизмге қарсы іс-қимыл бағдарламалары қабылданған. Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан құрылған Дін істері комитеті, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар жанындағы Дін істері басқармалары осы бағытта жұмыс істейді.
Мұндай басқармаларда теологтар, психологтар, және дін саласынан хабары бар білікті мамандар қызмет атқарады. Олар тек түсіндіру жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, адасып жүрген азаматтарды дәстүрлі дінге бейімдеу, интернет кеңістігіндегі деструктивті насихаттарға қарсы контент дайындау сияқты бағыттарда еңбек етуде.
– Радикалды ағымдарға қандай адамдар бейім келеді?
— Негізінен, бұл – қиын жағдайда жүрген, өмірінде түрлі күйзелістерді бастан кешірген азаматтар. Мысалы, ата-анасымен, отбасымен қарым-қатынасы дұрыс болмаған, қоғамнан оқшауланған, ренішін ішіне жинап жүрген жастар.
Алайда, тек әлеуметтік жағдайы төмен адамдар ғана емес, әл-ауқаты жақсы, бизнесі бар, қоғамда орны бар азаматтар да кейде осы жолға түсіп кетеді. Мысалы, Сирияға кетіп қалғандар арасында өз кәсібі бар, тұрмыс жағдайы жақсы адамдар да болған. Демек, бұл – тек экономикалық емес, психологиялық факторлардың да әсері бар мәселе.
Сол себепті біз үнемі мониторинг жүргіземіз, жастармен жиі кездесеміз. Себебі қазіргі жастардың көбі ғаламторда көп уақыт өткізеді, ал ол жерде ешқандай сүзгі жоқ. Әркім өзін уағызшы деп таныстырып, түрлі жалған идеяларды таратып жүр. Осындай псевдо-шейхтар мен «интернет уағызшылар» адамның сеніміне кіріп, манипуляция жасап, өз ықпалына түсіреді.
Қиын жағдайда жүрген адамға экранның ар жағындағы біреу «дұрыс бағыт көрсетіп тұрмын» деп сендіреді. Кейде тіпті ол адамға ата-анасының, ұстазының орнын басатындай әсер қалдырады.
– Мұндай адасқан азаматтардың мінез-құлқында қандай өзгерістер байқалады?
— Ең бірінші байқалатыны — қоғамдық және отбасылық құндылықтардан бас тарту. Адасқан адамдар біртіндеп өз отбасынан, ағайын-туысынан алшақтайды. «Сендер кәпірсіңдер» деп, бір дастарқан басында отырудан бас тартады. Салт-дәстүрді мойындамайды, мемлекеттік құрылымға қарсы шығады.
Бұл – тек Қазақстанда емес, әлемнің көптеген елдерінде байқалып отырған құбылыс. Бірақ біздің еліміз – дамуға ұмтылған, амбициясы зор мемлекет. Мұндай елдің дамуын қаламайтын, қоғамда іріткі салғысы келетін сыртқы күштердің әрекеті де болуы мүмкін. Сондықтан бұл дертпен жеке бір орган емес, бүкіл қоғам болып күресуіміз қажет.
– Ал діни сауаттылықты арттыру бағытында қандай нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр?
— Бұл бағытта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) үлкен жұмыс атқарып отыр. Мысалы, Шымкент қаласында шамамен 100-ге жуық мешіт бар. Онда 270-тен астам имам мен дін маманы қызмет етеді. Олар тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын, жастармен кездесулерді ұйымдастырып, дәстүрлі дінді насихаттайды.
Мен жастармен кездескен сайын оларға:
“Егер дінге қызығушылығың бар болса — мешітке бар, ҚМДБ имамдарынан немесе ресми сайттардан ақпарат ал”, – деп кеңес беремін.
Себебі, ғаламторда жалған уағызшылар көп. Ал мешіт имамдары – діни тұрғыдан сауатты, дәстүрлі бағыттағы сенімді мамандар.
– Кейде жастар шетелге оқуға кетіп, сол жақта радикалды ағымдардың ықпалына түсіп жатады. Бұл мәселеге көзқарасыңыз қандай?
— Иә, өкінішке қарай, мұндай жағдайлар кездеседі. Кейбір жастар жоғары оқу орнына түсе алмай, шетелдегі шағын жекеменшік діни оқу орындарына барады. Ал олардың қайсысының деңгейі қандай екенін бәрі біле бермейді.
Барлығына топырақ шашпаймын, бірақ адасқан азаматтардың басым бөлігі осындай бейресми немесе күмәнді оқу орындарынан білім алып келгендер. Ал олардың артында кейде ірі ұйымдар тұрады. Ол ұйымдардың түпкі мақсаты – біздің қоғамымызда іріткі салып, бір-бірімізге қарсы қою болуы мүмкін.
Біздің ата-бабамыз аманат еткен кең байтақ жеріміз, табиғи байлығымыз бар. Соған қызығатын күштер аз емес. Бірақ соның бәрін қорғау үшін, ең алдымен, рухани бірлігімізді сақтауымыз керек.
– Әңгімеңіздің түйіні ретінде не айтасыз?
— Діни экстремизм мен радикализм – тек дін істері басқармасының немесе қауіпсіздік органдарының ғана емес, әр азаматтың проблемасы. Егер әрқайсымыз “бұл менің шаруам емес” десек, олардың қатары көбейе береді.
Ал егер мемлекет, қоғам, дін қызметкерлері, ұстаздар, ата-аналар, бизнес өкілдері бірігіп жұмыс істесе, бұл дерттен құтылуға болады. Ең бастысы – ұлттық құндылықтарға, ата-баба дәстүріне, дәстүрлі дінге адал болу.
