Шымкентте құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті

Самал Асқар 04 февр. 2026 18:53

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Жиынға құқық қорғау және арнаулы органдардың басшылары, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Отырыс барысында қаладағы криминогендік ахуал, қабылданып жатқан алдын алу шараларының тиімділігі және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Күн тәртібі бойынша Шымкент қалалық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Арман Бейсенбаев, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің қалалық департаментінің басшысы Өркен Сейітов және қала прокурорының орынбасары Рашид Әмиров баяндама жасады.

Қала әкімі құқық бұзушылықтың алдын алу мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып қала беруге тиіс екенін атап өтті. Ол жаңа «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңның күшіне енуіне байланысты жергілікті деңгейде алдын алу шараларын күшейту, қауіп-қатерлерді ерте кезеңде анықтау және кешенді тәсілді енгізудің маңызын айтты.

«Негізгі назар құқық бұзушылықтарды ерте анықтауға қойылуы керек. Профилактика – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл мемлекеттік аппараттың ортақ міндеті. Бұл жұмыс жүйелі әрі тұрақты түрде жүргізілуі тиіс», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Сонымен қатар мегаполис басшысы ауыр құқық бұзушылықтардың, оның ішінде кәмелетке толмағандар арасындағы суицид жағдайларының алдын алуға ерекше көңіл бөлді.

«Өкінішке қарай, Шымкентте мұндай қайғылы жағдайлар тіркеліп отыр. Олардың алдын алу – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Үйде – ата-ана, мектепте – мұғалім, көшеде – әрбір азамат бейжай қалмауы тиіс. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту аса маңызды», – деді қала әкімі.

Жиын қорытындысында Ғабит Сыздықбеков жауапты органдарға бірқатар нақты тапсырма беріп, құқық қорғау органдары мен аудан әкімдеріне өзара үйлесімді әрі жүйелі жұмыс істеуді міндеттеді.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove