Алматының Түрксіб аудандық сотында Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатына қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Nur.kz-ке сілтеме жасап.
Кезекті отырыста сот-медициналық сарапшы Рахимжан Абдукаримов өз қорытындысын жариялап, қаза болғандарды аман алып қалуға мүмкіндік болғанын мәлімдеді.
Сарапшының айтуынша, экипаж мүшелері мен жолаушылар алған жарақаттардың барлығы ұшақтың тұрғын үйге соғылу сәтінде пайда болған.
"Басқа нұсқалар жоқ. Барлық жарақат – қозғалыс үстіндегі әуе кемесінің тұрғын үймен соқтығысуынан алынған соққының салдарынан болған. Авиациялық жарақат белгілері анықталған жоқ", – деді ол.
Абдукаримовтың сөзінше, адамдардың қаза болуы мен жарақат алуының нақты себебі – ұшақтың үймен соқтығысуы. Бұл тұжырым бейнежазбалармен және апатқа жүргізілген тергеудің қорытынды есебімен расталған.
Сарапшы апат кезінде ұшақ биіктен құламағанын, құрылымдық жарылыс пен өрттің болмағанын атап өтті.
"Қар жамылған жолақпен қозғалып келе жатқан әуе кемесі екі қабатты үйге соғылды. Сол соқтығыс фюзеляждың сынуына, қысыла жарылуына әкелді. Егер ұшақ жолында үй болмағанда, экипаж бен жолаушылар арасында құрбандар болмас еді", – деді Абдукаримов.
Bek Air компаниясының Fokker-100 ұшағы 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Астанаға ұшып шыққан соң, әуежай маңында бетон қоршауға соғылып, жеке үйге соқтығысқан болатын.
Қайғылы оқиға салдарынан 13 адам қаза тауып, шамамен 70 жолаушы жараланған.
