"Манипулятор". Бишімбаевтың бұрынғы әйелі балалары Салтанатты жақсы көргенін айтты

Көркем Алдабергенова 02 апр. 2024 10:31 9117

Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман сот отырысына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Күні кеше сот отырысында Бишімбаев Салтанат пен балаларын алып шетелге демалуға шығар кезде болған жайт туралы айтып берген болатын. Қуандық Бишімбаевтың сөзінше, Салтанат шетелге шығар алдындағы түнде шетелдік төлқұжатын жоғалтып алған.

Осыған байланысты Назым Салтанатпен не жайлы сөйлескенін көрсеткен. Салтанат бұл жайтқа қатысты Назымнан бірден кешірім сұраған.

«Төлқұжатымды жоғалтып алғаным үшін кешірім сұраймын, үйде көшіп, арасында стреске түсіп, бәрі қабаттасып кетті. Балалардың маған көзқарасы жақсы, ол сіздің арқаңызда. Өте мейірімді және тәрбиелі балалар. Бұл сіздің арқаңыз деп білемін және сізге құрметпен қараймын. Егер қарсы болмасаңыз сізбен таныссам деп едім. Қарым-қатынасымыз жақсы болғанын қалаймын», - деп жазған Салтанат.

Сондай-ақ Назым Қахарман «Қуандық Бишімбаев манипулятор» деген пікірмен келіскен.

«Келісемін, masterpiece, манипулятор», - дейді Назым.

Сонымен қатар, Назым Қахарман қызының Салтанатқа жақын күндері жазған хатын көрсеткен. 21 наурызда жазылған хатта Назымның қызы Салтанатқа оны қатты сағынғанын жазған.

«Қатты сағындым, әкем жаман адам, әйелдерді ұру сұмдық және ұят нәрсе. Сізді жақсы көремін», - деп жазған Бишімбаев пен Назымның қызы.

Айта кетейік, Назым Қахарман Қуандық Бишімбаевпен 14 жыл некеде болған. Олар 2020 жылы ажырасып кеткен. Назым Қахарман мен Қуандық Бишімбаевтың үш баласы бар.

1 сәуірде өткен сот отырысында Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкеновамен қарым-қатынасы туралы өз нұсқасын айтқан болатын. Сонымен қатар, Бишімбаев сотта Салтанаттың жеке өміріндегі бұрынғы жайттар туралы да айтты. 

Одан бөлек, Бишімбаев іске қатысты ақпараттар бұрмаланғанын мәлімдеді.  

27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Кейін Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады.

Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.


Рекомендовать
Последние новости