Қуандық Бишімбаев сотта ол туралы жалған ақпараттар айтылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Егер құжаттармен танысқан болсаңыздар, айыптау актін естіген боларсыздар. Мен ұсталғаннан бері Салтанаттың туыстары да, ағасы да болған жайтты бұрмалап пиар-компания ұйымдастырған. Көзі ағып, бас сүйегі сынып, сау жері қалмаған дейді. Мұның бәрі өтірік. Айыптау актінде мұндай нәрсе жоқ. Мен өзімді қорғауға мәжбүр екенімді айтқым келіп отыр. Қандай жаза тағайындалса да дайынмын, бірақ мен өзімді қорғауым керек. Өтірік алдаудан маған пайда жоқ.
Мені бес ай бойы айуан дейді. Бес ай бойы бұрмалау арқылы маған қарсы көзқарас қалыптасты. Сөйлеуге мүмкіндігім болмады. Мен маған тағылған айыпқа, бұрмаланған ақпараттың бірде-біреуіне жауап бере алмай, қандай күйде болғанымды түсінулеріңіз керек», - дейді Бишімбаев сотта.
Еске салайық, бұған дейін Бишімбаев Нүкеновамен таныстығы туралы айтып берген болатын.
27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.
Кейін Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады.
Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.