Бишімбаев Нүкеновамен таныстығы туралы айтты

Сағыныш Сардарова 01 сәу. 2024 12:33 3045

Экс-министр Қуандық Бишімбаев сот отырысында Салтанат Нүкеновамен қалай танысқанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, қоғамда айтылып жатқан әңгімелер шындыққа жанаспайды. Бишімбаев сөйлеп бастаған кезде Салтанаттың анасы эмоциясын жасыра алмады.

"Сіздердің сезімдеріңізді түсінемін. Сіздер мені жек көрсеңіздер де, қарғасаңыздар да болады. Бірақ тағы да айтайын, бір Құдайдың алдында да жауап беруге дайынмын. Сіздердің алдарыңызда да, бәрінің алдында да. Қасақана осындай іс жасайын деген ой болған жоқ. Салтанатты сүйдім. Алайда оның өліміне қатысым бар екенін мойындаймын.

...Біздің ұрыс-керісіміз, сол кештегі менің әрекеттерім болмаса, ештеңе болмас па еді?! Осыған назар аударсаңыздар екен. ...Мені 5 ай бойы "айуан" деді, "көзін ойып алды" деді. Бәрі шындыққа жанаспайды", - деді Бишімбаев.

Сонымен қатар, ол Нүкеновамен қалай танысқанын айтты. Бишімбаевтың сөзіне сүйенсек, Нүкенованы алғашында әлеуметтік желіден көрген. Кейін кездесіп көргісі келген.

"Мен оны Instagram-нан көрдім. Оған астрологиялық болжамға барған қыз астрологтар туралы айтты. Маған астрология қызық болды. Одан көрсетуін сұрадым. Танысым Instagram-нан танымал астролог деп көрсетті. Әдемі қыз екенін көрдім, Instgram-ын қарап шықтым. Оның жігіті бар екенін де көрдім. 2022 жылы мамырдың аяғы еді. Танысым жігіті бар екенін, үйленгелі жатқанын айтты. ...Біраз уақыт сырттай ғана бақыладым. Бір жолы оның қабылдауына жазылғым келді. Бірақ көмекшісі онлайн түрде де, тірілей де ер адамдарды қабылдамайтынын айтты.

Тамыздың аяғында сол қыз (танысы - еск.) той болмайтынын, (Салтанат - еск.) тұрмысқа шыққалы жатқан жігітімен айрылысқанын жеткізді. Танысуға мүмкіндік бар екенін түсіндім. Камила деген қыздан астрологиялық болжамға жазылуын өтіндім. Ал әңгіме барысында "досым бар, оның да келгісі келеді" деп айтуын өтіндім. Маған танысу, бір жағынан астрология туралы білу қызық болды. Камила Салтанаттың қабылдауына барған. Олар достасып кеткен. Бір-біріне қыздарға қатысты оқиғаларын айта бастаған. Салтанат жігітімен айрылысқанын да айтқан. Менің дос қызым "осындай адам бар, сені Instagram-да көрген, танысқысы келеді" деген. Камиламен телефонмен сөйлесіп жатқанда, "өзің сөйлесіп көргің келе ме, жанымда отыр" деді. Мен телефон арқылы танысып, амандастым. Салтанат "сіз келген кезде астрологиялық болжам өткізе аламын" деді. Кейін Қазақстанға келдім.

Салтанат ұзақ уақыт астрологиялық болжамды өткізгісі келмеді. Содан соң оған ашығын жаздым. "Шынын айтсам, болжам қызық емес, сіз маған қатты ұнап қалдыңыз, танысып көргім келеді, кешкі асқа шақырсам" дедім. Ол 1-2 күн жауап бермеді. Үшінші күні "кездесе аламыз" деді. 6 қыркүйек болуы керек, біз кездестік", - деді Бишімбаев.

27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Кейін Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады.

Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар