ҚМА Боранбаевтың активтеріне қатысты мәлімдеме жасады

Көркем Алдабергенова 28 мар. 2024 17:15 1996

Қаржылық мониторинг агенттігі кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың активтеріне қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, тараған ақпарат шындыққа жанаспайды.

"Кей жекелеген БАҚ өкілдерінің Қайрат Боранбаевтың мемлекет пайдасына активтерді беруі жалған болғаны туралы таратқан ақпараты шындыққа жанаспайды. Жарияланған ақпараттарға сай активтерді мемлекеттік органдардың балансына беру процесі аяқталды. Екі нысан бойынша қайта тіркеу рәсімі өткізіліп жатыр", - деп жазылған ведомство хабарламасында.

Күні кеше Боранбаевтың құны 134,5 миллиардтан асатын қонақүйін ешкім сатып алмағаны хабарланған болатын. "Комфорт Отель Астана" сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру бойынша тендер өткізілмеген. 

Себебі тендер бойынша ешкім өтініш бермеген. Аукционға бір адам ғана қатысса да сауда жүргізілетіні айтылған.   

Қонақ үйдің бастапқы бағасы - 3,9 млрд теңгеден, ал кепілдік жарна 587 млн теңге болған.

Қонақүйді сатып алушыдан Қазақстанда қонақүйлерді басқарудың 7 жылдық тәжірибесі талап етілді. Сенімгерлік басқару мерзімі 5 жыл болды, ал қонақ үйді 1 жылдан кейін ғана мерзімінен бұрын сатып алуға болады. Кәсіпкер Қайрат Боранбаев бұл қонақүйді мемлекетке сот процестері кезінде және одан кейін тапсырған. 

Боранбаев мемлекетке берген мүліктің құны 134,5 млрд теңгеден асады.

Айта кетейік, былтыр қарашада Қайрат Боранбаев бас бостандығынан айыру орындарынан шықты.

Бастапқыда Қайрат Боранбаев 8 жылға сотталған еді. Алайда артынша жаза мерзімі 6 жылға дейін қысқарды.

16 қазанда Қайрат Боранбаев Астананың орталығындағы 4 жұлдызды қонақүйді мемлекет меншігіне тапсырғаны белгілі болды. Аумағы бес мың шаршы метрден асатын қонақ үй кешенінің жылдық айналымы шамамен 900 миллион теңгеден асады.


Рекомендовать
Последние новости