Маңғыстау. Үш елдімекенге қауіп төндірген "Қошқар-ата" қалдық қоймасы қалпына келтірілуде

Dalanews 24 авг. 2022 08:31 1446

Маңғыстау облысындағы «Қошқар-ата» қалдық қоймасын қалпына келтіру жұмыстарының бірінші кезеңіне қажетті қаражат әкімдік тарапынан сұратылып, қолдау тапты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына сілтеме жасап.

«Қошқар ата» қоймасының қаупі туралы 30 жылдан бері айтылып келеді. Әлсіз радиоактивті қалдықтар топырақ бетінде жатқандықтан айналасындағы 3 елді-мекенге қауіп төндіріп келген еді. Экологиялық аймақта шамамен 372,0 мың адам тұрады. Жалпы, қалдықтардың ауданы 6600 гектар құрайды.

Сондықтан өңірдің экологиялық мәселесі – республика деңгейінде өзекті күйінде қалып тұр.  2021 жылы 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте Үкіметке және облыс әкімдігіне «Қошқар-ата» қалдық қоймасын үш жыл ішінде аяқтауды тапсырды. 


2021 жылы 10 қарашада республикалық бюджеттен 1,0 млрд теңге аударылып, мердігер 2021 жылы рекультивациялау жұмыстарын жасап, 30 арнайы техника мен 70-ке тарта адаммен 266,2 га жерге 819,3 мың м3 топырақ төселді және жасалаған жұмыстарға техникалық қадағалау жүргізіліп келеді. Бөлінген 1,0 млрд. теңге толықтай игерілді.

2022 жылға республикалық бюджеттен 3,0 млрд теңге бөлініп, 905 гектар жерге рекультивация жұмыстары басталды. Бірақ 2022 жылы төлем жасалған жоқ. Үстіміздегі жылдың 20 тамыздағы жағдай бойынша шамамен 160 гектар жерде жұмыстар жүргізіліп, топырақ төселді.

– Маңғыстау облысының әкімдігімен осы жыллың 28-ші ақпанында «Қошқар-ата» қалдық қоймасын қайта қалпына келтіру I-ші кезең жобасына түзету енгізу бойынша техникалық жиналыс өткізіліп, хаттамасы жасақталды. Жұмыстарды мерзімінде орындау мақсатында мердігер сметалық құнын өзгертпей, қалдық қоймасынан 2,5 шақырым жерде орналасқан карьерден топырақты тасымалдауға көшті, – деді басқарма басшысы Дүйсен Құсбеков.


2022 жылдың 11 сәуірінде жобаны түзету туралы үш жақты меморандумға қол қойылды, түзету жұмыстарын төлеу мердігер есебінен төленді. Нәтижесінде, 2022 жылғы 19 тамызда «Қошқар-ата қалдық қоймасын рекультивациялау» І кезеңін түзету бойынша мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысы және мемлекеттік экология сараптамасының оң қорытындысы алынды.

– Алдағы уақытта «Қошқар-ата» қалдық қоймасын қалпына келтіру» І-кезең» нысаны бойынша 2022 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес жұмыстар жүргізіледі. Осылайша, алдағы жылдарға әкімдік тарапынан сұратылған қаражат қолдау тапты, – деді Дүйсен Құсбеков.

Рекомендовать
Последние новости