Сенат депутаты, Ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Марат Қожаев көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін салынатын айыппұлға қатысты пікір білдірді. Айыппұл мөлшері айлық есептік көрсеткіштің көтерілуіне байланысты 18 460 теңгеден 19 660 теңгеге өсті, деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп.
Қазақстанда тұрғын аймақтарда қозғалтқышы қосылып тұрған көлікті қоюға тыйым салынған. Қозғалтқышы қосулы көлікті 5 минуттан артық тұраққа қойғаны үшін 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған, ал қайталанған жағдайда – 10 АЕК (39 320 теңге).
Сенатор Қожаевтың айтуынша, бұл бұрыннан қолданыста бар норма және ол экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.
– Қалаларымыздағы ауа бассейндері қатты ластанған. Сондықтан осындай норма қабылданған. Әрине, осы бап бойынша жауапқа тарту үшін даусыз процессуалдық дәлелдер қажет. Бұл – бейнежазба, уақытты тіркеу және басқа да факторлар. Егер осылар анықталса, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұндай ережелер дамыған елдерде де қолданылады, – деді сенатор.