Қазақстанда Малайзияның мектептері мен оқу орындары ашылуы мүмкін

Сағыныш Сардарова 09 янв. 2025 13:14 786

Қазақстан мен Малайзия арасындағы сауда көлемі биыл екі елдегі жоғары экономикалық өсімнің арқасында артуы мүмкін, — деп мәлімдеді Қазақстанның Малайзиядағы елшісі.

Бұл туралы Dalanews.kz хабарлайды.

2021 жылдан бері Малайзияда Қазақстанның бас дипломаты қызметін атқарып келе жатқан Болат Сүгірбаев екі елде ауыл шаруашылығы мен органикалық азық-түлік секторында өсім болатынын болжайды.

Сонымен қатар, тікелей әуе рейстерінің іске қосылуы және Малайзияда жоғары білім алуға келетін қазақстандық студенттердің санының артуы екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайтады, деп атап өтті ол.

2025 жылы Қазақстан экономикасы 4,7%-ға өсуі мүмкін, бұл 2024 жылғы шамамен 4%-бен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Ал Малайзия экономикасының өсімі 4,8%-ға жетеді деп күтілуде, бұл өткен жылғы 4%-дық өсіммен салыстырғанда айтарлықтай ілгерілеу.

2024 жылдың қаңтарынан қараша айына дейін екі ел арасындағы сауда көлемі 134,7 млн АҚШ долларын (619,6 млн ринггит) құраған. Қазақстанның Малайзияға экспорты бар болғаны 3,5 млн АҚШ долларын құраса, импорт көлемі 131,2 млн АҚШ долларына жеткен.

Ресейдің Украинаға басып кіруі нәтижесінде мұнай бағасының өсуі Малайзия мен Қазақстанды қоса алғанда, көптеген елдердегі саудаға кедергі келтірген негізгі факторлардың бірі болды.

Сүгірбаев FMT-ге берген сұхбатында Қазақстан Малайзияны азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы және органикалық егіншілік саласындағы маңызды серіктес ретінде қарайтынын айтты.

«Қазақстан Малайзияға қолжетімді бағамен жеміс-жидектер, жаңғақтар және алма сияқты органикалық өнімдерді жеткізуге мүдделі», - деді ол.

Сонымен бірге, малайзиялық манго мен папайя қазақстандық нарықта сұранысқа ие бола бастады.

Өткен жылдың мамыр айында Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагим Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келіп, екі ел арасындағы үш онжылдықтан астам уақытқа созылған ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылды.

Сапар барысында малайзиялық және қазақстандық компаниялар жалпы құны 350 млн АҚШ долларын құрайтын сауда келісімдері бойынша меморандумдарға қол қойды.

Малайзия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған тағы бір маңызды бастама — өткен жылдың наурыз айында Куала-Лумпур мен Алматы арасында тікелей әуе рейстерінің ашылуы. Қазіргі уақытта AirAsia Алматыға аптасына төрт рет рейс жасайды.

Сүгірбаевтың айтуынша, екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасы байланысты нығайтып, сауда, туризм және мәдени алмасуды дамытуға серпін берген.

«Рейстердің толық болуы екі жақтың да қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді», - деді ол.

Сонымен қатар, Малайзия Қазақстанда ерекше әрі қолжетімді туристік бағыт ретінде танымал болып келе жатса, қазақ мәдениеті, оның ішінде дәстүрлі музыка мен өнер Малайзияда жоғары бағаланды.

«Малайзиялық суретшілер мен асхананы Қазақстанда насихаттау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, қазақстандық өнерпаздарды Малайзиядағы іс-шараларға белсенді қатысуға шақырудамыз», - деді Сүгірбаев.

Білім саласындағы байланыстар да қарқынды дамып келеді. Қазақстандық студенттердің көбі Малайзияда жоғары білім алуды таңдай бастады.

«2025 жылдың соңына дейін Малайзияда 1000 қазақстандық студент оқиды деп үміттенеміз», - деді елші.

Asia Education Review деректеріне сәйкес, 2020 жылдан бері 1900-ден астам қазақстандық студент малайзиялық жоғары оқу орындарына түсуге өтініш берген.

Сүгірбаевтың айтуынша, Малайзия мектептері мен университеттерін Қазақстанда ашу мәселесін зерттеу жоспарланып отыр. Бұл малайзиялықтарға аймақтық мәдени тәжірибе алуға мүмкіндік бермек.


Рекомендовать
Последние новости