Олжас Бектенов жұмысшы кадрлар үшін жеңілдетілген ипотеканы қарастыруды тапсырды

Кәмшат Тілеухан 08 янв. 2025 12:29 547

Бүгін, 2025 жылы 8 қаңтарда Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырды, деп жазады Dalanews.kz.

"Жұмысшы кадрларды әлеуметтік қолдаудың үздік корпоративтік тәжірибесін кеңінен таратып, жаңа ынталандыру шараларын енгізу керек. Өнеркәсіп, Энергетика, Көлік, Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және Отбасы банкімен бірлесіп, жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырамын", — деді Үкімет отырысында Олжас Бектенов.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр мүдделі мемлекеттік органдар, әкімдіктер, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі салалық және өңірлік жоспарлардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Барлық іс-шаралар жүйелі, нәтижелі және олардың әлеуметтік-экономикалық ұзақмерзімді әсері болуы тиіс.

"Үкімет Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу мәселелерін үнемі бақылауда ұстайды", деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Астана қаласының әкімдігімен бірге құзыреттер орталығын құру жоспарланып отыр.

Премьер-министр бизнес, жұмыс берушілер, инвесторлар тарапынан да тиісті шаралар қабылдануы тиіс екенін, сондай-ақ осы бағыттағы жұмысты "Самұрық-Қазына" қоры белсенді жүргізуі қажет екенін баса айтты.


Рекомендовать
Последние новости