Талғар трагедиясы: Тоқаев қандастар туралы неге айтты?

Көркем Алдабергенова 03 янв. 2025 14:29 3785

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Талғар оқиғасы хақында пікірін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Мемлекетте заң мен тәртіп үстемдігі орнауы тиіс екенін, Қаңтар оқиғасын да ұйымдасқан қылмыстық топтар жасағанын қайталап айтқан мемлекет басшысы: «Осы оқиғаға қатысы бар азаматтар бойынша мына мәселені еске салғым келеді. Қазақ халқы шетелден келген отандастарын «қандасым» деп, құшақ жая қарсы алды. Тарихи Отанына оралғандар Қазақстанның заңдарына қатаң бағынып, қоғамдық тәртіпті сақтап, заңсыз әрекеттерден аулақ болуы керек. Олар бұрын өздері тұрған елде биліктің талабын сақтап, ондай әрекет жасаған жоқ қой?!», – деп ойын айтқан.

Arasha.kz мәліметінше, бұл сөз кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың тарихи Отанына оралған қандас болғаны себепті айтылып отыр. Алайда, қандас мәртебесі заң бойынша, шетелден тарихи Отанына келген ұлты қазақ азаматқа Қазақстан азаматтығын алғанға дейін берілетін уақытша мәртебе. Яғни, республика азаматы атанған соң, қандас мәртебесі жойылады. Бірақ билік пен қоғам түсінігінде бұл жойылмай келеді.

Ескі Қазақстан тұсында да қандастар дейтін қауымға осы тақілеттес қиғаш пікірлер айтылған. Мәселен, Жаңаөзен оқиғасынан соң құрылған үкімет комиссиясын басқарған Өмірзақ Шөкеев «..оқиғаға кінәлі оралмандар, сондықтан оларды басқа өлкелерге көшіру керек ..» деп айтқан пікірі бар. Сондай-ақ, сол кездегі президент Н.Назарбаевтың саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамбет Ертісбаев Ертісбаев Лондонда «Жаңаөзендегі оқиғаға оралмандар санының көбеюі түрткі болды» деп мәлімдеген.

Қандастар хақындағы президенттің түпкі ойы басқаша болуы да мүмкін. Бәлкім Талғар оқиғасын және оның айналасындағы дау-дамайды мемлекет басшысына «қандастардың әрекеті» етіп көрсетіп, солай есеп беріп жүрген адамдар болуы мүмкін екенін де ұмытпаған жөн секілді.


Рекомендовать
Последние новости