2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға үміткер азаматтардың шығындарын есептеу тетігін сынау мақсатында пилоттық жоба іске қосылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин мәлімдеді.
Министрліктің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік көмекті шын мұқтаж азаматтарға бағыттау мақсатында халықтың жиынтық кірісі мен шығыстарын анықтайтын жүйені жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты Әлеуметтік кодекске өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар Үкіметтің қарауына жолданды.
Вице-министрдің айтуынша, АӘК тағайындау кезінде мұқтаждық деңгейін анықтайтын өлшемдерге бірқатар жаңа талап қосылмақ.
Олар:
• тұрғын үй немесе жеңіл автокөлік сатып алу фактісі;
• ипотекадан басқа, әр отбасы мүшесіне айына ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары мөлшерде банктік қарыз немесе микрокредит алу;
• отбасы мүшелерінің бір айдағы банк шоттары бойынша шығындарының жиынтығы кедейлік шегінен асып кетуі;
• ипотекалық депозиттен басқа, отбасының жалпы жинақ шотының көлемі 200 АЕК-тен асуы.
“Бұл сынақ жүйесі азаматтардың келісімімен жүзеге асырылатын болады. Осы арқылы мемлекет әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж отбасыларға бағыттауды мақсат етіп отыр”, – деді Анафин.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы кедейлік шегі 2025 жылданбастап жаңа тәсілмен есептелетіні туралы жазған едік. Бұл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың бұйрығы негізінде қамтылған.
"2025 жылғы 1 қаңтардан бастап кедейлікшегі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанда есептелген орташа табыстың 35% мөлшерінде, бірақ көрсетілген тоқсан бойынша есептелген өңірлік күнкөріс деңгейінің 70% –дан төмен емес мөлшерде айқындалатын болады", делінген бұйрықта.
Бұған дейін ол мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанға есептелген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% мөлшерінде есептеліп келген болатын.
Бұйрық 2025 жылғы 6 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетсек, бұйрыққа сәйкес, есеп енді тоқсан сайын жүргізілетін болады. Биылғы жылдың соңында орташа жалақы (медианды) көлемі 285 мың теңгені құрады, яғни жаңа стандарттар бойынша табысы 100 мың теңгеден төмен адамдар кедей саналады.