Ұлттық банк деректеріне сәйкес, Қазақстан экономикасына тартылатын жалпы тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) көлемі 2024 жылдың 9 айында қатты төмендеген. Осы деректерді егжей-тегжей зерттеген экономист Ғалымжан Айтқазин бұл ретте Қазақстан "таза тақырға отырғанын" нақтылайды, деп жазады Dalanews.kz.
Ол Ұлттық банк ұсынған деректе жалпы тікелей шетелдік инвестициялар немесе шетелдік инвестицияның жалпы көлемі инвесторлардың ел экономикасына қызығушылық танытып отырғанын байқатқанымен, капиталдың сыртқа ағылуын ескермейтінін баса айтады.
Басқаша айтқанда, жалпы тікелей шетелдік инвестициялар масштабты көріністі танытса, ал таза тікелей шетелдік инвестициялар экономикаға түпкілікті әсерді айқындайды. Осылай деген маман соңғысына қатысты есептерге зер салып көрген.
"Бұл өте маңызды жайт, өйткені тартылған тура таза инвестиция жалпыға қарағанда шетелдік инвесторлардың капиталды қайтару, шетелдегі бас компания қарыздарын өтеуі және ақыры пайда немесе дивидендтер түрінде елден капиталды шығару сынды есеп-қисаптарды қамтиды. ҚР Ұлттық банкінің деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың алғашқы 9 айында экономикаға тартылған тікелей шетелдік инвестицияның таза көлемі 72,8 млн долларды құрап, антирекордты көрсетті. Ал 2023 жылы сол кезеңде бұл көрсеткіш 3,4 млрд долларды құраған, жалпы тікелей шетелдік инвестиция көлемі болса, 2023 жылы 12,7 млрд доллар болды. Көрдіңіздер ме, 2023 жылмен салыстырғанда таза тікелей шетелдік инвестция көлемі бізде 98%-ға (!) бір-ақ құлаған. Бұл Қазақстан тарихындағы ресми ең төмен көрсеткіш (2005 жылдан бастап) болып табылады", - дейді Tengenomika Telegram арнасының авторы.
Оның айтуынша, егер Қазақстанға тікелей шетелдік инвестицияларды (ТШИ) тартудағы жалпы жағдай осындай аянышынты күйде болса, ал сыртқы ТШИ бойынша нетто-позицияның жағдайы мүлде мүшкіл.
"Бір жағынан, капиталды сыртқа шығару және шикізат секторындағы инвестициялардың төмендеуі қолданыстағы ірі жобалар мерзімінің аяқталуына байланысты туындап жатқаны түсінікті. Дегенмен жаңа жобалар туралы әлі сөз жоқ. Екінші жағынан, Салық кодексін қайта-қайта қарау және ірі шетелдік бизнеске қатысты мемлекет тарапынан реттеуші қысымның күшеюіне байланысты инвестициялық ахуал мен іскерлік ортада дүдамалдылық күшеюде. Сол секілді аймақтағы геосаяси тәуекелдер мен Ресеймен тығыз байланысты болуымыз да бұған әсері болуы мүмкін", - дейді ол.
Айтқазин кейбіреулер, соның ішінде Үкіметтегі адамдар арасында "Қазақстанға шетелдік инвестициялардың қажеті жоқ" деп санайтындар барын айтады. Олар: "Бізге өз қорларымыз (Ұлттық қор, БЖЗҚ), мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компанияларымыз жеткілікті" дейтін көрінеді.
"Айналайын, Қазақстан экономикасы тек ішкі инвестициялар есебінен ұзаққа бармайды, өйткені мұндай көздердің жылдам түгесілу қаупі бар. Керісінше, сыртқы инвестициялармен ақша ғана емес, жаңа технология мен құзыреттілік, сондай-ақ тұрақты жұмыс орындары да келеді. Сонымен қатар, шетелдік инвесторлар барда елімізге бүкіл әлемдегі инвестициялық қорлар мен жеке инвесторларды тарту оңайырақ болады", - дейді маман.
Бұған дейін сайтымызда "Қазақстан қалай орта держава атанып жүр" деген мақала жарияланған болатын.