Қазақ тілінде ас мәзірін бермеген Qazaq Coffee-дің тағдыры шешілді

Көркем Алдабергенова 09 янв. 2025 11:09 506

Басы дауға қалған Qazaq Coffee кофеханасы жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды Dalanews.kz Qaz365.kz-ке сілтеп. 

Қоғамның сынына ұшыраған Qazaq Coffee кофеханасы жабылып, ол жалға берілетін болған екен. Бұрын кофехана орналасқан жердің иесі бизнестің жабылғанын, кеңсе бос екенін және жалға алушы іздеп жатқанын хабарлады.

«Бизнес жабылды, кеңсе бос, мен жалға алушысыз қалдым. Достар, мен бұл кеңсенің иесімін, сіздер Qazaq Coffee иесімен шатастырмаңыздар. Кешеден бері қайтадан өзіме алдым, сондықтан ол жалға беріледі. Бұл жердің ауданы –  47-48 шаршы метр. Егер қызықтырса, менің жекеме шығыңыздар», - дейді бұрын кофехана болған орынның иесі.

Еске салсақ, Астанадағы Qazaq coffee мейрамханасы келуші қонаққа қазақ тілінде ас мәзірін беруден бас тартып, бұл қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Мейрамханаға келуші өз шағымын 2GIS  қосымшасына жазған, ал оған жауап ретінде кофехана әкімшілігі олардың қызметкерлері қазақ тілінде сөйлеуге міндетті емес екенін айтқан. Сөйтіп, 2GIS қосымшасында мыңдаған сыни пікір жазылды. Олардың саны 26 мыңнан асып, ал мекеменің рейтингі 1,1 жұлдызға дейін төмендеген. Осыдан кейін кофехана әкімшілігі Instagram-да кешірім сұрап, бірақ көп ұзамай олар аккаунтын жойды.


Рекомендовать
Последние новости