Қазақстанда кәсіпқой спорт клубтарын қаржыландыруға шектеу қойылды

Сағыныш Сардарова 28 июл. 2025 17:06

Қазақстанда кәсіби спортты бюджеттің арқасында асырап отыру дәурені аяқталды. Туризм және спорт министрінің 2025 жылғы 22 шілдедегі бұйрығымен еліміздегі кәсіби спорт клубтарына жұмсалатын бюджет қаражатына ресми шектеулер енгізілді. Бастама бюджет ақшасын оңды-солды шашуға тосқауыл қойып, қаржыны нақты әрі тиімді бағыттауға негізделген,деп хабарлайды Dalanews.kz.

Футбол клубтарына бөлінетін қаражаттың лимиті негізгі құрам үшін (ерлер, әйелдер және жастар командаларына) жылына 500 000 АЕК-ке (1 млрд 966 млн теңгеге) дейін бекітілді. Бұған қосымша балалар мен жасөспірімдер академиясына жылына ең көбі 150 000 АЕК (589 млн 800 мың теңге) жұмсауға рұқсат берілген. Осылайша бір футбол клубына жұмсалатын мемлекеттік қаражаттың жалпы сомасы 2 млрд 555 млн теңгеден аспауы тиіс.

Ал шайбалы хоккей клубтарына қойылған шектеу сәл төмендеу. Бұл спорт түрінде негізгі құрамдарға жылына ең көбі 300 000 АЕК (1 млрд 179 млн 600 мың теңге), ал балалар мен жасөспірімдер академиясына 75 000 АЕК (294 млн 900 мың теңге) қарастырылған. Басқа спорт түрлеріне келсек, ерлер мен әйелдер командаларын, сондай-ақ жастар құрамдарын және академияларды қаржыландыру бірдей деңгейде бекітілген – жылына әр клубқа ең көбі 120 000 АЕК (471 млн 840 мың теңге).

Сонымен қатар спортшылар мен жаттықтырушылардың ең жоғары айлық жалақыларына да шектеулер енгізілді. Бас жаттықтырушылар мен консультант-тренерлердің, сондай-ақ негізгі құрам спортшыларының айлық табысы ең көбі 500 АЕК (1 млн 966 мың теңге), ал жастар құрамының спортшыларының жалақысы 80 АЕК-тен (314 мың 560 теңге) аспауы қажет.

Тағы бір маңызды ереже бір өңірде жергілікті бюджет есебінен бір спорт түріне бір ғана клуб қаржыландырылады. Мұндай қадам клубтар арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, спорттың бұқаралық сипат алуына түрткі болмақ.

Жаңа талап 2025 жылғы 25 шілдеден бастап күшіне енді.


Рекомендовать
Последние новости