Астанада қаланың 2035 жылға дейінгі Бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасын қоғамдық талқылау өтті. Бұл талқылау қатысушылар саны бойынша осындай іс-шаралар тарихындағы ең ауқымдысы болды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Қорытынды нәтижелер бойынша іс-шараға 1325 тіркелген қатысушы қатысты. Олардың басым бөлігі – 901 адам жаңартылған Бас жоспар жобасын қолдады. 176 қатысушы қарсы дауыс берді. Дауыс санау ашық форматта жүргізілді, ал дауыс беру нәтижелері көрсетілген ресми хаттама Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының сайтында жарияланды.
14-18 шілде аралығында қала тұрғындары жаңартылған Бас жоспар жобасымен көрме залдарында танысу мүмкіндігіне ие болды.
«Астанабасжоспар» ҒЗЖИ» ЖШС мамандары күн сайын түсіндіру жұмысын жүргізіп, келушілердің сұрақтарына жауап беріп, кеңес берді. Жазбаша ұсыныстарды қабылдау үшін арнайы жәшіктер орнатылды.
Қоғамдық талқылаудың негізгі күні 22 шілде болды. Қала тұрғындарының жоғары қызығушылығын ескере отырып, қосымша бөлмелер қарастырылып, онда презентациялар трансляцияланатын экрандар орнатылды.
Сондай-ақ талқылау Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының Facebook парақшасында тікелей эфирде өтті.
2035 жылға дейінгі жоба аясында логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, медицина, туризм және IT салаларында 125-тен астам инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру жоспарланған. Шамамен 15 мың жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.
Бас жоспардың негізгі бағыттары мыналарды қамтиды:
- 138 мектеп, 190 жеке балабақша және 17 оқушылар сарайын салу;
- 231 км жедел қоғамдық көлік маршруттарын іске қосу және жолаушылар ағынын 71%-ға дейін арттыру;
- 750 аула мен қоғамдық кеңістікті жаңарту және құру, оның ішінде «Мыңжылдық» желілік паркі мен «Green Line» жаяу жүргіншілер бульвары;
- бір тұрғынға жасыл желекті аумақ көлемін 19 м²-ге дейін ұлғайту (2023 жылы – 14 м²);
- жауын-шашын кәріз жүйесінің тиімділігін арттыру үшін коллекторлары бар жеті тазарту құрылыстарын салу.
Таныстырылым барысында жаңартылған Бас жоспардың елорданың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, заманауи және қолжетімді әлеуметтік әрі көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталғаны атап өтілді.
Талқылау соңында ашық дауыс беру өткізілді. Бюллетеньдерді санау қатысушылардың көз алдында жүргізілді. Сол күні дауыс берудің алдын ала қорытындысы шығарылды. Қорытынды нәтижелерді шығару үшін дауыс санау әрбір қатысушының тіркеу деректері негізінде жүргізілді, себебі әрбір келуші аты-жөні, әкесінің аты, ЖСН, кері байланыс үшін телефон нөмірі және сұрағының қысқаша мазмұны көрсетілген тіркеуден өтті.