Алматы облысында қоқыс полигонынан шыққан өрт үш күннен бері сөндірілген жоқ, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әкімдік ауа сапасы бақылауда деп сендіріп отыр.
Алматы–Қонаев автожолының 35-шақырымындағы тұрмыстық қалдықтар полигонында шыққан өртке байланысты жақын маңдағы елді мекендерде ауа сапасына санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізілген.
15–16 қыркүйек күндері 288 сынама алынып, олардың бір бөлігінде шекті мәннен асып кеткен көрсеткіштер анықталды. Осыған орай тұрғындарға, әсіресе балалар мен қарттарға және тыныс алу жолдарының созылмалы ауруы бар адамдарға алдын алу шараларын сақтау жөнінде нұсқаулық берілді.
17 қыркүйекте сол нүктелерде жүргізілген қайта тексерулер нормаларға сай нәтижелер көрсеткен.
КТК мәліметінше,қоқыс полигонының қазіргі жағдайы тіпті күрделене түсті – аумақ түгелдей қалың түтінге оранған. Қалада жаңбыр жауғанымен, тереңдігі он метрден асатын жер астындағы жалын әлі басылар емес. Керісінше, түтін бұрынғыдан да қоюланып кетті.
Мектептер онлайн оқуға көшті
Қауіпсіздік үшін маңайдағы үш мектеп дәстүрлі оқудан онлайн форматқа ауысуға мәжбүр болды. Өрттің салдары оқушылардың да күнделікті өміріне әсер етіп отыр.
Әкім оқиға орнында
Жағдайды бақылауға облыс әкімі келіп, арнайы комиссия құрылды. Сараптама нәтижесіне қарай төтенше жағдай жариялануы мүмкін екені де айтылды.
Өртті сөндіруге жүздеген маман тартылды
Қызыл жалынды ауыздықтау үшін 200-ден аса маман мен жүзге жуық техника жұмылдырылған. Кейбірі басқа өңірлерден шақырылған. Алты өрт сөндіру алаңы жасақталып, маңайдағы Терең-Қара өзенінен үздіксіз су тартылып жатыр.
Өрт аумағы
Үш күн бұрын басталған өрттің себебі әзірге белгісіз. Полигонның жалпы көлемі 35 гектар болса, соның 15 гектары отқа оранған.