Алматы әкімдігі Санжар Боқаев жариялаған видеоға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматы әкімдігі Үлкен Алматы өзені жағалауын абаттандырып жатқан «Павлодарский речной порт» компаниясы 15 қыркүйекте 12 плитаның «ұрланғанын» анықтап, полицияға арызданғанын хабарлады. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Әкімдіктің мәліметінше, Үлкен Алматы көлінің жағалауында шытынаған және зақымданған плиталар бар. 2024 жылдың 17 қазандағы келісімге сәйкес, оларды жөндеу жұмыстары басталған.
«Жарамды элементтер Торайғыров пен Сәтпаев көшелеріне дейінгі аумақта қайта қолданылып жатыр. Орнына бетон төселуде. Қазір 2 110 плита алынып, оның 1 250-і қайта пайдаланылды. Қалғаны алдағы уақытта қолдану үшін қоймаға жіберілді. Сондықтан гранит тақталардың бөлшектелуі – жобада қарастырылған шара, ал ұрлық дерегі бөлек қылмыстық іс», – делінген әкімдік хабарламасында.
Еске салайық, қоғам белсендісі Санжар Боқаев Алматыдағы Үлкен Алматы өзенінің бойынан табиғи гранит плиталарының заңсыз тасымалы жүріп жатқанын әшкерелеген болатын.
Боқаевтың айтуынша, жергілікті тұрғындар өзен жағасынан түсірілген бейнежазбаларды жіберіп, түнде жүк көліктеріне гранит плиталары тиеліп жатқанын хабарлаған. Осыдан кейін ол түн ішінде оқиға орнына барып, күдікті әрекеттерді бақылаған.
Белсенді көліктің түн ортасында ғана жүруін күдікті жағдай деп бағалады.
Алғашында Боқаев плиталардың қала әкімдігінің базасына жеткізілуі мүмкін екенін топшылаған. Өйткені гранит плиталары әкімдіктің мүлкі болып саналады. Алайда көлік қала сыртына бет алған.
Қоғам белсендісі гранит тастарды қайтадан қалаға апаруды талап етті.