Қазақстанда дрондарды заңсыз жинау мен қолданғаны үшін жаза күшейтілмек

Қаракөз Амантай 25 июл. 2025 13:11

Қазақстанда дрондарды заңсыз құрастыру мен пайдаланғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту бойынша нақты шаралар қолға алынды. Бұл жөнінде Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2025 жылдың 25 маусымында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев тиісті депутаттық сауал жолдап, дрондарды заңсыз қолдануға қатысты жаза түрлерін қатайтуды ұсынған. Өз жауабында премьер-министр бұл бастаманы қолдайтынын айтып, құзырлы органдар осы бағытта жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.

"Құқық қорғау органдары арнайы және өзге де мүдделі мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, дрондарды қару ретінде заңсыз жинау және қолдану фактілеріне қатысты әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған шараларды әзірлеп жатыр. Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігі облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың үстінен дрондардың ұшуына рұқсат етілген арнайы UFZ аймақтарын, сондай-ақ мемлекеттік күзеттегі нысандардың үстінен ұшуға шектеу қоятын UARU аймақтарын белгілеу бойынша жұмыстарды жалғастыруда", – деді үкімет басшысы.

Сонымен қатар 2026 жылдың I тоқсанында (қаңтар–наурыз) Қазақстанда дрондардың ұшырылуын басқару, бақылау және келісу жұмыстарын орталықтандыратын Бірыңғай басқару орталығының жоспары дайындалады.

Бұған қоса, Индустрия және құрылыс министрлігі өзге де мүдделі органдармен бірлесіп, дрондарға міндетті түрде енгізілетін бірыңғай техникалық таңбалау талаптарын әзірлейді.

"2025–2031 жылдарға арналған ұшқышсыз жүйелерді дамыту жөніндегі арнайы бағдарлама аясында дрондардың ел аумағына әкелінуі кезінде таңбалануын қамтамасыз ету мәселесі пысықталып жатыр. Бұл жұмыс тауарлардың экспорт-импортына қатысты қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізілуде. Соның нәтижесінде дрондардың шығу тегін бақылап, олардың көлеңкелі айналымының жолын кесетін бірыңғай техникалық талаптар дайындалады", – деді Бектенов.


Рекомендовать
Последние новости