Green Card лотереясына қатысу енді ақылы болды

Ақтоты Жапатова 18 сент. 2025 12:00

16 қыркүйектен бастап Diversity Visa (Green Card) бағдарламасына тіркелу енді тегін емес. Қатысушылар әрбір өтінім үшін 1 доллар көлемінде төлем жасайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін жыл сайынғы лотереяға қатысу толығымен тегін болса, енді жаңа төлем АҚШ Мемлекеттік департаментінің консулдық қызметтер тарифіне енгізілді.

АҚШ-тың федералды реестр сайтындағы ақпаратқа сәйкес, бұл қадам деректерді өңдеу шығынын барлық қатысушылар арасында әділ бөлуге және жалған әрі жаппай өтінімдердің алдын алуға көмектеседі.

Сарапшылардың болжауынша, төлем АҚШ бюджетіне жыл сайын шамамен 25 миллион доллар кіріс әкелмек.

Айта кетейік, Diversity Visa бағдарламасы 1990 жылдан бері жұмыс істейді. Жыл сайын жер шарындағы қатысушыларға тұрақты тұруға 50 мың рұқсат қағазы (Green Card) беріледі. Бұған қоса, 5 мың квота Орталық Америка елдеріне бөлінеді.

Негізгі визалық төлем бұрынғыдай 330 доллар болып қала береді.


Рекомендовать
Последние новости