Қазақстан – діндер арасындағы диалогтың жаһандық орталығына айналды

Ақтоты Жапатова 18 сент. 2025 20:33

Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі өтіп жатыр. Бұл әртүрлі дін өкілдері мен қоғамдық-саяси қайраткерлерді біріктірген маңызды халықаралық алаң. Әлемде тұрақсыздық күшейіп тұрған шақта мұндай диалог алаңдарының қажеттілігі арта түсуде. Олар өзара түсіністік пен төзімділікті нығайтып, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Осы съездің маңыздылығы мен Қазақстанның дінаралық диалогты ілгерілетудегі рөлі жөнінде саясаттанушы, Армения тұрақтылық және мемлекеттік басқару институтының негізін қалаушысы Геворг Меликян өз пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

- Президент Тоқаев әлемдік діндер съезін жаһандық тұрақсыздық жағдайында диалогтың бірегей алаңы деп атады. Сіз бұл бастаманың халықтар арасындағы сенімді нығайтудағы маңызын қалай бағалайсыз?

- Президент Тоқаевтың бұл пікіріне толық келісемін. Бүгінгі күрделі халықаралық жағдайда ашық әрі өзара құрметке негізделген диалог бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Қазақстан әртүрлі діндер мен мәдениеттер арасындағы түсіністікке жоғары стандарт қойып, заманауи толеранттылық пен ынтымақтастық үлгісін көрсетіп отыр. Мұндай тәсіл тек аймақтық емес, жаһандық деңгейде де сұранысқа ие.

Өткен жылы мен осы съезге қатысқаным үлкен құрмет болды. Шынайы өзара құрмет пен бір-бірін тыңдауға деген ниет үстемдік құрған атмосфера маған бұл бастамалардың қаншалықты өміршең әрі маңызды екенін көрсетті. Қазақстан көрсетіп отырған тәжірибе – диалог тек формалды шара емес, шынайы сенім мен бейбітшіліктің құралы бола алатынын дәлелдейді.

- Президент «алуан түрлілік ішіндегі бірлік» қағидатын атап өтті. Бұл модель басқа елдерге де үлгі бола ала ма?

- «Алуан түрлілік ішіндегі бірлік» ұстанымы қазіргі заманға сай әмбебап идея. Бұл қағидат тек айырмашылықтарды мойындап қана қоймай, сол алуан түрлілікті күш пен рухани байлық көзіне айналдыруды көздейді. Әсіресе қазіргі геосаяси тұрақсыздық кезеңінде бұл тәсіл өзара сенім мен диалог орнатудың берік негізі бола алады.

Қазақстан осы қағидатты іс жүзінде жүзеге асырып отырған сирек елдердің бірі. Мұнда ұлтаралық және дінаралық көптүрлілік қоғамның әлсіз тұсы емес, керісінше оның мызғымас іргетасына айналған. Бұл басқа елдерге де өз ерекшелігін сақтай отырып, өзгелерге ашық болудың үлгісі бола алады. Шын мәнінде, «алуан түрлілік ішіндегі бірлік» – бұл жай ғана саяси ұран емес, ХХІ ғасырдағы бейбіт қатар өмір сүрудің нақты формуласы.

- Президент қасиетті орындарды қорғау тақырыбын көтерді. Бұл бастаманың маңыздылығы неде деп ойлайсыз?

- Қасиетті орындарды қорғау - бұл жай діни мәселе емес. Ол халықтың рухани мұрасы мен мәдени болмысының ажырамас бөлігі. Мұндай нысандар тек сенім символы ғана емес, сонымен қатар ұрпақтарды, халықтарды біріктіретін ортақ құндылық. Сондықтан оларды сақтау — қоғамның рухани тірегі мен тарихи жадыны қорғау деген сөз.

Қазіргі әлемдегі дінаралық қақтығыстар мен төзімсіздік жағдайында бұл бастама стратегиялық маңызға ие. Қазақстан бұл мәселеге баса назар аударып, басқа елдерге де үлгі бола алады. Қасиетті орындарды қорғау - тек діни ұстаным емес, бұл жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікке қосылған үлес.

- Қасым-Жомарт Тоқаев рухани дипломатияны сыртқы саясат құралы ретінде атап өтті. Бұл бағыт шын мәнінде халықаралық қатынастарға әсер ете ала ма?

- Рухани дипломатия - қазіргі халықаралық қатынастарда ерекше маңызға ие бола бастаған жаңа бағыт. Бұл классикалық дипломатияға балама емес, оның тиімді толықтырушысы бола алады. Ол сенім, құрмет және жалпыадамзаттық құндылықтарға сүйенеді, сондықтан кейбір саяси немесе экономикалық мүдделермен шектелмейді.

Қазақстан бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Елдің рухани дипломатия саласындағы бастамалары сенім мен ынтымақтастықты нығайтып, диалогқа жаңа өлшем береді. Мұндай тәсіл мемлекеттер арасындағы шиеленісті азайтып, адамзатқа ортақ тіл табудың жолын ұсына алады.

- Бүгінде Қазақстан Президенті дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамытуда қандай рөл атқарады деп ойлайсыз?

- Президент Тоқаев бұл салада шешуші рөл атқарып отыр. Оның бастамасымен өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі – тек Қазақстанның емес, бүкіл халықаралық қауымдастықтың мүддесін көздейтін маңызды платформаға айналды. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында мұндай көшбасшылық пен табандылық ерекше құндылық.

Президенттің ұстанымы - мәдени және діни әртүрлілікті қиындық емес, керісінше қоғамды біріктіруші ресурс ретінде қабылдау. Бұл  қазіргі заман лидеріне тән көзқарас. Қазақстанның осы бағыттағы тәжірибесі көп елдер үшін шабыт көзіне айналуы мүмкін. Өйткені саяси көшбасшының рөлі кейде ұлттық шеңберден шығып, бүкіл адамзаттың ортақ игілігіне айналатын кезеңдер болады.


Рекомендовать
Последние новости