Бүгін түнде елорда тұрғындарын алаңдатқан төтенше жағдай орын алды. Сағат түнгі 4 шамасында Астананың сол жағалауындағы көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан "Karima" дәмханасында өрт шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқиға орны- Достық пен Ақмешіт көшелерінің қиылысындағы сегіз қабатты тұрғын үй. Куәгерлердің айтуынша, алдымен қатты тарсыл естіліп, артынша қою түтін мен жалын дәмханадан көкке көтерілген. Өрт әп-сәтте кең аумақты шарпып, бүкіл үйге қауіп төндірген.
Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер қызыл жалынмен күресті дереу бастап, үй тұрғындарын қауіпсіз жерге эвакуациялады. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.
Қазіргі таңда, өрттің шығу себептері анықталуда және де арнайы эспертиза жұмыстары жүргізілуде. Қалалық әкімдік пен жауапты органдар оқиға салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Оқиға кезінде зардап шеккен тұрғындардың бірі Dalanews.kz тілшісіне сол түнгі сәттерді еске алып, өз әсерімен бөлісті.
"Бәрі аяқ астынан болды. Түн ортасында сырттан тарсыл естілді. Терезеден қарасам, төменнен қою түтін шығып жатыр екен. Балаларым шошып оянды. Қатты қорқып қалдық. Әйтеуір, құтқарушылар дер кезінде келіп, бізді сыртқа алып шықты",- дейді ол.
Қазіргі уақытта өрттің нақты шығу себебі анықталып жатыр. Бұл бағытта мамандар техникалық сараптама жүргізіп жатыр. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті бұл оқиға бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға өрт кезінде дұрыс әрекет ету жолдарын алдын ала біліп жүруді ұсынады. Себебі, дәл сіздің байсалды және жылдам шешіміңіз өз өміріңізді ғана емес, өзгелерді де аман алып қалуы мүмкін.
Өрт кезінде қалай әрекет ету керек?
Өрт- бұл әрдайым күтпеген әрі қауіпті жағдай. Мұндай сәтте адам үрейге бой алдырып, не істеу керегін ұмытып қалуы мүмкін. Тіпті бала кезден жадымызда сақталып қалған- «112 нөміріне қоңырау шалыңыз» деген қарапайым кеңестің өзі сол сәтте есімізден шығып кетуі ықтимал.
Төменде өрт шыққан жағдайда есте ұстауға тиіс қарапайым, бірақ өте маңызды кеңестер ұсынылады.
- Өрттің алғашқы белгілерін байқасаңыз немесе түтіннің иісін сезсеңіз:
Бірден 112 нөміріне хабарласыңыз;
- Электр қуатын сөндіріп, газды өшіріңіз.
- Алдымен балалар мен қарт адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіңіз.
Оларды өрт ошағынан алысқа шығарыңыз;
Өйткені газ баллондары жарылуы немесе от тез таралуы мүмкін.
- Терезелерді ашпаңыз.
Ашылған терезеден келетін оттегі оттың күшеюіне себеп болады.
- Жалын бір бөлмеде болса- есікті мықтап жабыңыз.
Бұл оттың басқа бөлмелерге таралуын тежейді;
Есіктің саңылауын дымқыл шүберекпен бекітіңіз- түтін кірмейді.
- Түтін басқан бөлмеде еңкейіп немесе еңбектеп қозғалыңыз.
Өйткені түтін мен ыстық ауа жоғары көтеріледі;
Тыныс жолдарын матамен, мүмкіндігінше дымқыл шүберекпен жабыңыз.
- Егер жалынның ішінен өту қажет болса:
Суға түсіп алыңыз немесе үстіңізге дымқыл көрпе жабыңыз;
Деміңізді ішке тартып, жылдам жүгіріп өтіңіз.
- Егер сыртқа өз бетіңше шыға алмасаңыз:
Балконға немесе терезе алдына шығыңыз- бұл жерлерден құтқарушылар сізді тез табады;
Ақ мата, көрпе немесе көзге түсетін басқа да зат іліп, өзіңіздің қайда екеніңізді білдіріңіз.
Ең бастысы – сабыр сақтаңыз!
Паника- басты жау. Өрт кезінде әр секунд маңызды. Қарапайым ережелерді есте сақтап, оларды алдын ала жақындарыңызға үйретіңіз.