Мұнай бағасының төмендеуі Қазақстанға қалай әсер етеді? Сарапшы пікірі

Сағыныш Сардарова 18 сент. 2025 12:56

Сұраныс төмен болуы және АҚШ Федералды резерв жүйесі жақын арада мөлшерлемені төмендетеді деген болжамның әсерінен мұнай арзандап кетті. Қазақстан экономикасының негізгі тірегі мұнай екені жасырын емес. Бұл ахуал Қазақстан экономикасына қалай әсер етпек? Dalanews.kz экономист Бауыржан Ысқақовпен осы турасында сұхбаттасты.

Мұнайға қатысты ахуал

Лондонда ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың қараша фьючерстерінің құны 0,77 пайызға төмендеп, баррелі 67,94 доллар болды.

WTI маркалы мұнайдың қазан фьючерстерінің құны 0,84 пайызға төмендеп, баррелі 63,98 доллар болды.

Сарапшы пікірі

Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, бұл фактор бірнеше бағытқа әсер етеді.

"Мұнайдың арзандауы мемлекеттік кірістердің азаюына әкеп соғады. Мұнай - экспорттың, бюджетке түсетін салық кірістерінің басты көзі. Баға төмендесе, мұнайдан алынатын салық, экспорт түсімдері де азаяды. Осылайша бюджет тапшылығы пайда болады", - дейді маман.

Сарапшының сөзінше, бұл мәселе ұлттық қорды да айналып өтпейді.

"Ұлттық қордың түсімдері төмендейді. Мемлекет қор механизмдерін пайдаланып, мұнайдан түскен артық қаржыны жинайды. Баға түссе, сол қордағы түсімдер азаяды. Қордағы қаржыны ұлғайту мүмкіндігі төмендейді", - деді қаржы саласының маманы.

Сонымен қатар, валюта, теңге бағамы да әлсіреуі мүмкін.

"Мұнай экспортынан түсім азайса, валюталық кірістер төмендеп, теңгенің айырбас бағамы әлсіреуі де әбден мүмкін. Импорт бағалары мен инфляцияға да кері әсері бар. Одан кейін бюджет шығынын қысқартуға әкеледі. Яғни мемлекеттің әртүрлі бағдарламалары, әлеуметтік қажеттіліктері, инфрақұрылым жобалары бюджеттің қысымының астында қалуы мүмкін. Кейбір шығындар қайта қаралып, шұғыл емес жобалар кейінге шегерілуі мүмкін", - дейді ол.

Сарапшы мұның әсерінен экономиканың жалпы өсімі баяулауы мүмкін екенін айтты.

"Яғни инвестициялар, мұнай-газ секторындағы жобалар азаюы әбден мүмкін. Мемлекеттің инфрақұрылым жобаларының қаржыландырылуы да тоқтауы мүмкін. Бұл экономикалық өсімнің төмендеуіне әкеледі. Жалпы бюджетті жоспарлау кезінде мұнайдың бағасына қарай бағыттаймыз. Мысалы 2025-2027 жылдарға арналған Қазақстанның республикалық бюджетіндегі мұнайдың бағасы барреліне 75 доллар деңгейінде жоспарланған. Сонымен қатар, Үкімет төмен сценарийлерге де дайындалады, яғни сол жоба орындалмай қалған жағдайда "Б" жоспары бар. Мұнай бағасы түсіп кетсе, шығындарды оңтайландыру туралы жоспарлар қарастырылған. Бұл тұста валюта бағамы да ескеріледі", - деп түйіндеді сарапшы.


Рекомендовать
Последние новости