Тағы бір сарбаз әскерде өлі күйінде табылды

Көркем Алдабергенова 18 сент. 2025 11:42

Алматы облысында 19 жастағы Дінмұхаммед Шынарбек әскери бөлімнен суицид жасаған күйінде табылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы оның әпкесі Еңлік Қалтаева хабарлады.

Әпкесінің сөзінше, 2024 жылдың күзінде әскер қатарына оның ағасы Даниял Шынарбек шақырылса, көктемде оның егізі – Дінмұхаммед Шынарбек әскерге алынған.

«Олар бірге қызмет етіп жүрді, бірақ ант қабылдағаннан кейін Дінмұхаммедті Матыбұлақтағы №01098 әскери бөлімге ауыстырып, ағасынан ажыратты. Егіздерді бөлуге болмайды. Дәл сол жерде қайғылы оқиға болды. Бүгін Дінмұхаммед Шынарбектің асылып қалғаны туралы хабар берді», – деді ол.

29 тамызда Дінмұхаммед 19 жасқа толған. Әпкесі оның еңбекқор, мейірімді, болашағына үмітпен қарағанын еске алды.

«Біз қара жамылып отырмыз, оның өлімін суицид деп түсіндіруіне сене алмаймыз. Неге бейбіт уақытта осындай жас жігіттер қаза табады? Бізге шындық пен әділет керек», – деді Еңлік Қалтаева.

Қазақстан қарулы күштерінің Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 қыркүйекте Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаз өз-өзіне қол жұмсаған. 

Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тапсырмасымен оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия жіберілді. Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтып, оларға барлық қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.


Рекомендовать
Последние новости