Бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған Алматыдағы «Байсат» көтерме-сауда орталығының үлесі ашық электронды саудаға шығарылды. Бұл туралы Қайтарылған активтерді басқару компаниясы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аукцион қашан өтеді?
Сауда 2025 жылдың 18 қарашасында сағат 10:00-де өтеді. Бастапқы құны – 28,6 млрд теңге.
Компанияның мәліметінше, аукцион толық ашықтық пен әділ бәсекелестік қағидаларына сәйкес жүргізіледі. Барлық қатысу шарттары E-Qazyna ресми порталында қолжетімді. Саудадан түскен қаражат арнайы мемлекеттік қорға аударылып, әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсалады.
Сот шешімі
Айта кетсек, 2024 жылдың қаңтарында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Байсат» базарына қатысты барлық мәмілені заңсыз деп таныған еді.
Сотта кешеннің заңсыз сатылғаны анықталды. Аумағы 4,2 мың шаршы метрден асатын үш нысан мен 1,4 гектар жер учаскесі «КазГерСтрой» бірлескен кәсіпорны және «Astana Financial Group» ЖШС-не тиесілі болған. Бұл компаниялардың екеуі де Қайрат Сатыбалдының ұлымен байланысы бар екені белгілі болған.