Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектердің құқықтары бұзылса, қайда жүгіну керек?

Ақтоты Жапатова 28 июл. 2025 17:01

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балаңыздың немесе жақыныңыздың құқығы бұзылған жағдайда, қайда және қалай шағымдану керек? Қандай мемлекеттік немесе қоғамдық ұйымдар көмектесе алады? Бұл сұрақтар көп ата-ананы, әсіресе ерекше қажеттіліктері бар баласы бар отбасыларды жиі мазалайды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Мемлекет инклюзияны дамыту мен әлеуметтік әділеттілікке бағытталған түрлі тетіктерді енгізгенімен, күнделікті өмірде ерекше балалар мен ересек мүгедектердің құқығы ескерусіз қалып жататын жағдайлар кездеседі. Осындай жағдайда қайда және қалай жүгінуге болатынын төменде нақтылап бердік.

Жергілікті жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармалары

Егер мүгедектік мәртебесін алу, оңалту құралдарына немесе әлеуметтік көмекке қатысты қиындық туындаса, жергілікті жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармаларына жүгінуге болады.

Не үшін жүгінуге болады:

  • Мүгедектік статусын анықтау,
  • Жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер,
  • Арнайы әлеуметтік қызметтер (күндізгі орталықтар, пансионаттар),
  • Оңалту құралдары мен қызметтері.

Қайда жүгіну керек:

  • Халыққа қызмет көрсету орталығы (ЦОН),
  • Немесе қала/аудан әкімдігі жанындағы әлеуметтік қорғау бөліміне.

Білім басқармалары мен мектеп әкімшілігі

Инклюзивті білім беру құқығы бұзылғанда, балабақшаға немесе мектепке қабылдамау фактісі орын алғанда білім басқармаларына жүгінуге болады.

Не үшін жүгінуге болады:

  • Инклюзивті білім беруден бас тарту,
  • Педагог, ассистент, психологтың жетіспеуі,
  • Қатыгездік, шеттету, мектеп ішінде кемсіту.

Қайда жүгіну керек:

  • Мектеп немесе балабақша әкімшілігіне,
  • Қалалық немесе облыстық білім басқармасына,
  • 1414 нөмірі арқылы ҚР Оқу-ағарту министрлігіне.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (Омбудсмен)

Егер мемлекеттік органдар тарапынан әділетсіздік орын алса:

Не үшін жүгінуге болады:

  • Заңсыз әрекеттер немесе әрекетсіздік,
  • Қызмет көрсетуден бас тарту,
  • Құқық бұзушылықтар мен кемсітушілік.

Жүгіну жолы:

Қазақстанда адам құқықтары жөніндегі уәкіл - Артур Ластаев.

Балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл (Балалар омбудсмені)

Не үшін жүгінуге болады:

  • Балаға қатысты зорлық-зомбылық,
  • Білім алу құқығы бұзылуы,
  • Психологиялық қысым, кемсіту.

Балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл - Динара Зәкиева

Үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық қорлар

Құқықтық, психологиялық, әлеуметтік көмек керек болған жағдайда:

Мысалы:

  • "Шырақ" қоры – мүгедек әйелдер мен балалардың құқығын қорғайды,
  • "ARDI" қоры – инклюзия мен білім саласына қатысты мәселелерді шешуге көмектеседі,
  • "Қолжетімді Қазақстан" – инфрақұрылым мен қоғамдық кеңістіктердің қолжетімділігін бақылайды,
  • "Дағдарыс орталықтарының одағы" – отбасындағы зорлық пен қиын жағдайға тап болған аналарға көмек көрсетеді.

Прокуратура мен полиция

Не үшін жүгінуге болады:

  • Қызмет көрсетуден заңсыз бас тарту,
  • Физикалық немесе психологиялық зорлық,
  • Құқық бұзушылықтар.

Жүгіну жолы:

  • Аудандық прокуратура,
  • 102 нөмірі арқылы полиция.

Электрондық және онлайн платформалар

Қолжетімді сервистер:

  • eGov.kz – әлеуметтік қызметтер мен шағымдар,
  • 1414 – Бірыңғай call-орталық,
  • eotinish.kz

Еске салайық, жақында Астана қаласында қоғамдық көлікте ерекше баласы бар ана мен жолаушы арасындағы дау қоғамды дүр сілкіндірді. Видеода әйел адам аутизмі бар балаға дөрекі сөйлеп, бала мен анасын балағаттағаны анық естіледі. Анасы жағдайды сабырмен түсіндіруге тырысқанымен, қарсы тараптың агрессиясы тоқтамаған.

Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл жағдайға бейжай қарамай, тексеріс бастағанын хабарлады.

“Мұндай әрекетке жол беруге болмайды. Әрбір бала даму ерекшеліктеріне қарамастан, құрметке, қорғауға және қоғам өміріне қатысуға құқылы”, – деп мәлімдеді Комитет.

Балалардың немесе ересек мүгедектердің құқығы бұзылған жағдайда үнсіз қалуға болмайды. Құқық қорғау құралдары бар, тек оны білу және қолдана білу қажет. Әрбір ата-ана, әрбір азамат өзінің және баласының құқығын қорғай алатын деңгейде ақпараттануы керек. Ал қоғам – өзара сыйластық пен жанашырлыққа негізделуі тиіс.


Рекомендовать
Последние новости