Жасанды интеллект – Қазақстандағы болашақ мамандықтардың өзегі

Ақтоты Жапатова 28 июл. 2025 20:13

2025 жыл – технология мен адамзат қажеттілігінің түйіскен, жаңа кәсіптерге жол ашатын жыл болғалы тұр. Жаһандық еңбек нарығында жасанды интеллект (ЖИ), киберқауіпсіздік, деректерді талдау, цифрлық медицина, EdTech, экология және робототехника секілді бағыттар алдыңғы орынға шығып келеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

ЖИ – жаңа буын кәсіптердің негізі

Жасанды интеллект инженерлері – 2025 жылдың ең сұранысқа ие мамандарының бірі. Олар түрлі салалардағы күрделі мәселелерді шешу үшін алгоритмдер әзірлеп, машиналық оқыту модельдерін тәжірибеге енгізеді. Мәселен, ЖИ ұсыныс жүйелерінде пайдаланушы талғамын болжай алады, аударма құралдарына тілдік өңдеу береді немесе автокөлік өндірісінде көру жүйелерін басқарады. Бұл саладағы мамандар тек техникалық біліммен шектелмей, деректерді талдау, логикалық ойлау және шығармашылық қабілетті қатар дамытуы тиіс.

Цифрлық қауіпсіздік – сенімді болашақ кепілі

Киберқауіпсіздік те – 2025 жылы аса маңызды болатын мамандықтардың бірі. Әлем цифрлануға бет бұрған сайын компаниялар деректерді қорғауға ерекше мән беріп отыр. Энергетика, көлік, өндіріс, денсаулық сақтау, тіпті білім беру салалары да цифрлық жүйеге тәуелді. Мұндай жағдайда хакерлік шабуылдар қауіп-қатер төндіріп қана қоймай, қоғам қауіпсіздігіне де әсер етуі мүмкін. Сондықтан кибершабуылдарға төтеп бере алатын сарапшыларға сұраныс күрт артуда.

AI-Sana: Қазақстандағы AI-білім берудің жаңа кезеңі

Қазақстанда да бұл үрдістерден тыс қалмау үшін ауқымды шаралар қолға алынуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет 2024 жылдың желтоқсанында AI-Sana атты инновациялық білім беру бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарлама 650 мың студентті жасанды интеллект негіздерімен таныстырып, болашаққа қажетті дағдылармен қаруландыруды көздейді.

Жуырда Алматыда өткен AlmatyFair.ai 2025 көрмесінде «AI-Sana» тақырыбына арналған панельдік сессия өтті. Онда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен жетекші университеттер өкілдері ЖИ саласын білім беру жүйесіне енгізудің маңызын талқылады.

ҚБТУ ректоры Маратбек Ғабдуллин университеттің оқу бағдарламалары ЖИ талаптарына бейімделіп жатқанын, ал Satbayev University проректоры Раиса Өскенбаева индустриялық серіктестермен бірлесіп, түлектердің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Университеттерге ЖИ-ді енгізу – уақыт талабы

Бүгінгі таңда жоғары оқу орындары ЖИ-ді оқу бағдарламаларына енгізу арқылы түлектерді тек теориямен емес, практикалық дағдылармен де қамтамасыз етуді мақсат тұтып отыр. Мұндай интеграция студенттерге:

  • Заманауи құралдармен жұмыс істеуді,

  • Үлкен деректерді сараптауды,

  • Алгоритмдер мен модельдерді құрастыруды,

  • Технологиялық шешімдерді әзірлеуді үйретеді.

Сонымен қатар, білім беру саласындағы EdTech технологиялары да кеңінен енгізілуде. Бұл оқытуды жекелендіруге, онлайн форматты тиімді пайдалануға және студенттердің цифрлық сауатын арттыруға ықпал етеді.


Рекомендовать
Последние новости